Аудандық орталықтандырылған кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, «Құрмет» орденінің Халықаралық «Алаш» сыйлығының, «Үздік өлкетанушы», «Ерен еңбегі үшін»төсбелгісінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қызметкері, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиевтің «Шаңқанбоз», «Арнау» кітаптарының таныстырылымы өтті.
Шараға аудан әкімі Абат Жанғалиев, орынбасары Қайрат Бөлеков, Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының, «Өренді өлкетанушы» клубының мүшелері, мектеп оқушылары, оқырмандар, БАҚ өкілдері қатысты.

Табиғатынан еңбекқор, шынайы дарын иесі, ауданымыздың тарихында өзіндік орны бар қайталанбас тұлға, академик-жазушы, өлкетанушы Өмірзақ Қажымғалиұлының шығармашылығына арналған кітап көрмесіне кітапхана библиографы Гулайна Жалғасбайқызы «Өлке шежіресін өрнектеген қаламгер» тақырыбында шолу жасап, Нұржау орта мектебінің оқушысы Азамат Ғазиз, кітапханашылар Снежана Сәрсенбайқызы, Әсем Исатайқызы жазушыға арналған Рахмет Иманғалиевтің, Таңатар Дәрелұлының өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар Ө.Қажымғалиевтің кітаптарына арналған сурет көрмесі назарға ұсынылып, «Дариға дәурен» кітабы негізіндегі «Мәңгілім менің» қойылымы тамашаланды. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті Журналисі, Қазақ журналистикасының қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Таңатар Дәрелұлы тұсауы кесілгелі отырған «Арылу» кітабын таныстырып, автордың шығармашылығына жоғары баға берді. «Шаңқанбоз» кітабы экран арқылы таныстырылды.
Аталған екі туындының лентасын аудан әкімі Абат Жанғалиев, жазушылар Таңатар Дәрелұлы, Нұрлығайын Нұғыманов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмақай Ғұмаров, аудандық ардагерлер және аналар кеңестерінің төраға-төрайымдары Ержан Ғайнетов, Балғаным Хасенова қиды.


Кітап авторы Өмірзақ Қажымғалиұлы қатысушыларға ризашылығын білдіріп, бүгінгі аға буын жас ұрпаққа аудан тарихын, табиғатын түгендеген, бағыт берер, ой салар, пайдаға асар осындай мұра қалдырса олардың өмірлік рухани азығына айналарына сенімді екенін жеткізді. Осылайша қос туынды ауданымыздың кітап қорын толықтырып, электрондық кітапханаға енгізіліп, оқырманға жол тартты.
Қанат ҒҰМАРОВ


