С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ардагерлер арасында «Ұрпаққа ұлағат» атты аудандық шежірешілер байқауы өтті.
Оған ауылдық округтерден ақсақалдар қатысып, бақтарын сынады. Үміткерлерді еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмақай Ғұмаров, Құрманғазы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадірбай Жармұхамбетов, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Қайрат Сайфуллин сынды қазылар алқасы бағалады.
Ақсақалдар өз ата-тектерінің шежіресі жөнінде әңгімелеп, қазақы салт-дәстүрлер, ырымдар, қазақ хандығы,Тәуелсіздік ұғымы бағытында ой қозғады. Өлкеміздің әр қиырындағы тұнып тұрған тарихты баяндап, бабалар салған даңғыл жолды, жауһар жәдігерлерін өскелең ұрпаққа насихаттады. Бірнеше кезеңнен тұрған байқау нәтижесінде белсенділік танытқан Мақаш, Дыңғызыл, Ақкөл, Орлы ауылдық округтерінің қатысушылары алғыс хатпен, естелік сыйлықпен ұлығыланды.
Айнагүл Күнұзаққызы