Ұрпақ тәрбиесі назардан тыс қалмауы тиіс

(0 Votes)

Аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысын оның төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова жүргізді.

Кеңес отырысына аудандық  дербес бөлімдердің басшылары, округ әкімдері, аудандық және ауылдық округтердегі әкелер мен аналар кеңестерінің төраға-төрайымдары, аудандық жастар ресурстық орталығы, БАҚ өкілдері қатысты.

glnar

Комиссия отырысын ашқан аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Әдебиетқызы:

– Әкелер, аналар кеңестерінің жұмыстарын жандандыру бағытында  жиналып отырмыз. Интернет дамуына байланысты қоғамда, отбасында бала тәрбиесіне қатысты мәселелер көбейді. Біздің алдымызда ақпарат құралдарында көрсетілген  сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық, педофилдік қылмыстарға халықтың бой үйретуін болдырмау және оған тосқауыл қою, қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейту мәселесі тұр.  Ауданымызда күрделеніп тұрған отбасылық мәселелер де жоқ емес. Отбасылық зорлық-зомбылық жағынан облыста қаладан кейін бірінші орында келеміз. Баласы ұрлық жасаса да оның тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын жауапсыз  отбасыларымыз бар. Ата-анаға деген құрметте әлсіреуде. Тәрбие бағытындағы жұмыстарды жандандыру бағытында 19 округті 5 топқа бөліп қойдық. Оған әр комиссиядан өкілдер қостық. Мақсатымыз – қолайсыз отбасыларды анықтау, әлеуметтік картасын жасау, - деп әрбір топқа қай округтер кіретінін, оларға бөлінген жауапты тұлғаларды таныстырып өтті. Хабарлама мәтінімен комиссия мүшелері танысқандықтан сөйлеушілерден шешімін күткен мәселелер мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты тың ұсыныстар  тыңдағысы келетінін жеткізді.

 

berik

Аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Берік Әнесов ортақ мүдде жолында өз тарапынан атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып:

– Биылдан бастап аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Әдебиетқызының қолдауымен округтерде әкелер кеңесі құрылып, масайрап қалып жатырмыз. Олардың төрағалары осында қатысып отыр. Ендігі мәселе, әр округтегі әкелер кеңесі әлеуметтік  желіде парақшасын ашып, атқарылып жатырған жұмыстары  сонда көрінетін етуі  керек. Екіншіден, жат ағым ұстанатын әкелермен теолог жұмыс жасамаса, олар бала тәрбиесіне кері әсерін тигізуде. Олармен тоқсанына  бір рет әрбір округте кездесіп тұрса, дұрыс жолға салса дейміз. Аудандық полиция бөлімінде есепте тұратын, жиі құқық бұзатын әкелермен де тығыз жұмыс жасау керек болып отыр. «Әкем, анам және мен» деген спорттық ұйымдастырып, оларды соған тартқан жөн, -  деп өз  ұсыныстарын айтты.

Сондай-ақ, әкелердің балалары алдында беделін арттыра  түсу үшін «Әкелер саябағын» ашу, оның ішіне отағасыларының қолынан шыққан мүсіндерді қойып, шырша егу, Халықаралық әкелер күнінде әкелер қолымен шыққан бұйымдардың көрмесін ұйымдастыру  қажет деген тың идеяларын ортаға тастады. Қазір 6 мектепке 1 полиция инспекторынан келіп, бұл қиындық тудырып отырғанын алға тартты. Аналар кеңесінің мүшесі Ақтілек Хамитованың саябаққа, жат ағым жетегінде жүрген әкелермен жұмысқа қатысты сұрақтарына жауап қайтарды. Соңғысына аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова қосымша түсінік берді.

balanym-apa

Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова «Мәдениетті ұлт – мәдениетті ана» республикалық жобасы аясында атқарылған жұмыстарды баян қылып өтіп:

– Қолайсыз отбасындағы ата-аналар белгілі бір мерзімге дейін аудандық полиция бөлімінде есепте тұрады екен. Айына 2 рет келіп белгіленеді. Ондай адамдарды мұндай ортаға шақыра алмаймыз. Себебі, олар келмейді. Сондықтан, олармен бала тәрбиесіне қатысты аудандық полиция бөлімінің ішінде кездессек деген ұсынымыз бар. Полиция қызметкері ол жөнінде хабарын беруге уәде етті. Сатылымда жүрген синтетикалық есірткіге тәуелділік мәселесі де бізді алаңдатады. Содан кейін Отанды сүюге, патриоттық тәрбиеге бағытталған жұмыстарымыз жандандырсақ елін, туған жерін қастерлейтін азаматтар көбейеді. Бұл жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ, соны нақтылап, бір округте мына отбасымен осылай, келесісінде мынандай бағытта жұмыстану керек дейтін жүйе болса, бір адамды дұрыс жолға салсақ, отбасылық зорлық-зомбылықтан тыйсақ, ол үлкен нәтиже деп ойлаймын, - деп өзге ұлт өкілдері 8 округте көбірек шоғырланғанын, 3 мектепте этнобалалар мен аналар клубтары ашылғанын, олардың жас ұрпақтың тәрбиесіне  үлестерін қосып отырғанын  мысалға келтірді.

Ажырасудың алдын алудағы аудан медиаторларының жұмысы Атырау өңіріне үлгі болғанын, облыстан келгендер олардың сауаттылығына таңдай қағып, таңданғанын жеткізді. Шағын ғана Орлы ауылдық округінде 3 медиатор барын, жақсы жұмыс жасап отырғанын  қаперледі. Аудан орталығында әйел адамдардан тағы да 2-3 медиатор болса, жұмыс жүйелене түсер еді деген ұсынысын ортаға салды.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері Тілекші Медеуғалиева білім саласындағы ұл мен қыздың тәрбиесі, отбасы құндылығын насихаттау бағытында атқарылған және алда жасалатын жұмыстарға тоқталып өтіп:

– Бала тәрбиесіне қатысты жиналыстардан әкелер  сырт қалады. Көбіне оған қатысатындар  аналар. Осыны әкелер кеңестерімен бірлесіп, жолға қою қажет. Сонымен қатар өтетін шаралар кешенді ұйымдастырылса, бірін-бірі қайталамаса екен деген ұсынысым бар, - деді.
Комиссия төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысын қорытындылап, ұсыныс-пікірлер ескерілетінін жеткізіп, олардың кейбіріне қатысты өз пікірлерін білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT