Аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова: – Құрманғазы ауданы жанындағы кәмелетке толмағандардың істері мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жыл басынан бері 18 отырысын өткіздік. Оның бесеуі жоспардан тыс өткізіліп отыр. Себебі, аудандық полиция бөлімінен жасөспірімнің құқық бұзушылығын қарау жөнінде ұсыныс түсіп жатады. Соңғы кезде орын алып отырған жағдайлар біздерді де мазалайды. Күні кеше ғана облыс әкімі Серік Жамбылұлы ата-аналарға үндеу жолдады. Біз, ұстаздар, ата-аналар болып бірігіп мұндай келеңсіздіктердің жолын кесуіміз қажет. Балаға алдымен отбасы, екінші ұстазы, үшінші қасындағы құрбылары әсер етеді. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі біздің тамақ ішу, киіну сияқты күнделікті мәселемізге айналмайынша іс алға баспайды. Жалпы, баланың қалтасына ақша салу да дұрыс емес. Тәтті ұнтақ, электронды темекі алып денсаулығына зиян келтіретінін ескеруіміз керек, - деп қатысушыларды алға қарай тәрбие жұмысын жандандыруға шақырды.
Ата-аналар жиналысын аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева қорытындылап, мұндай басқосулар ауданның өзге мектептерінде де өтетінін, ұсыныстар ескерілетінін, жаңа форматта жұмыстар жасалатынынан хабардар етіп: – Телефондарыңызға балаңыздың қайда жүргенін анықтайтын бағдарлама орнатыңыздар. Мұны әлі де көп ата-ана қолданбайды. Вацапта олардың қандай чаттарда жүретінін бақылап отырсаңыздар үлкен қылмыстың алдын аласыздар. Рейдтерге қатысып қоймай, әр аптада, айына 1 рет оны қорытындылап отырсақ жақсы нәтижеге жетеміз, - деді.
Айнагүл Шакупова