Аудан әкімі Қайрат Нұртаев прокуратура саласының ардагері Ғизатолла Мүрсәлиевті қабылдады.
Салтанатты шарада аудан басшысы ардагердің елге сіңірген еңбегі қандай құрметке де лайық екенін атап өтіп, сөзді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновке берді.
– Ғизатолла Қыдырұлының есімі ауданымызға жақсы таныс. Мемлекеттік биліктің жергілікті өкілді органының басшысы қызметін атқарды, облыстық мәслихаттың депутаты болды. Жалпы біздің өңірімізде заң саласының үстемдігін қамтамасыз етуде, жастарға құқықтық тәрбие беруде еңбегі зор. Кезінде өзім де осы кісінің қарамағында жұмыс жасап, көп нәрсені үйрендім. Ұстазым деп есептеймін. Өткен жылы Ғизатолла ағамыз мерейлі жасқа толды. Бізде Қазақстан Заңгерлер одағы деген үлкен ұйым бар. Ол тек заң саласы емес, еліміздегі Президент сайлауын өткізуді ұйымдастырудан бастап қоғамдық-саяси оқиғаларға да өздерінің қорытындыларын беріп отырады. Парламентке келген кейбір заң жобасы бойынша тиісті саладағы заңгерлердің басын қосып Президент әкімшілігіне, Үкіметке тиісті ұсыныстарын жолдайды. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес Парламент Сенатының депутаты, ұзақ жылдар сот саласында Торғай, Целиноград облыстарында, Жоғары сотта басшы, облыс прокуроры, Сенаттың Конституциялық заңнама, құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған, заң ғылымдарының кандидаты Серік Байсейітұлы Ақылбай деген азамат бұл одақтың төрағалығына тағайындалды . «Қазақстанның Құрметті заңгері», деген атақ кез-келген адамға берілмейді. Үлкен қараудан, талдаудан өтеді. Бұл атаққа әр саланың өзінің министрлігінен, қоғамдық ассоциациясынан ұсынылуы керек. Кезінде Бас прокурор болған адамдардың, Қазақстан Республикасының қазіргі Бас прокурорының, салаға жауапты бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың қолдауымен біздің ұсынысымыз қабыл алынып отыр. Бас прокуратураға, Заңгерлер одағына аудан әкімімен келісе отырып осы жоғары марапатты Ғизатолла Қыдырұлына табыс етуді өз мойныма алатынымды айтқанмын, - деген Сәрсенбай Құрманұлы уақыт тығыздығына қарамастан осындай шара ұйымдастырып жатқан аудан әкімі Қайрат Талапұлына, аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Теміржанұлына ризашылығын білдірді.
Одан әрі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов пен аудан әкімі Қайрат Нұртаев «Қазақстанның заңгерлер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Қазақстанның құрметті заңгері» төсбелгісі мен куәлігін прокуратура ардагері Ғ. Мүрсәлиевке табыс етті.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, аудан прокуроры Магилан Рахимов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров өз сөздерінде Ғизатолла ағаның әділеттіктен аттамай тура жолмен жүргеніне, адамгершілік қасиетін жоғары ұстағанына, прокурорлардың ішінен ауданның Құрметті азаматы мен осындай төсбелгіні алып отырған жалғыз адам екеніне ерекше тоқталды. Соңында Ғизатолла Қыдырұлы өзіне көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын жеткізді.
Қанат ҒҰМАРОВ