Ұшқыш – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Күн-түн демей көк жүзінде темір қыранмен қалықтап, қаншама адамның тағдырына жауапты болу оңай шаруа емес екені анық.
Осындай мамандықты жан-жақты игерген, өз саласының білгір маманы болған жерлесіміз, белгілі ұшқыш, марқұм Қанат Сиденғалиев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Құрметті авиатор» төсбелгісімен ұлығыланды.
40 жылға жуық уақыт бойы әуе кемесін басқарып, Air Astana компаниясында ұшқыш болып қызмет атқарған Қанат Мүтәліфұлы осыдан екі жыл бұрын өмірден өтті. Кеңестік кезеңнен бері ұшып бастаған ол 2004 жылдан бері Air Astana компаниясында әуе кемесінің командирі ретінде Фоккер-50 және Airbus320 ұшақтарын басқарған. Пандемия жағдайында отандастарымызды елге алып келу бойынша репатриациялық рейстер бағдарламасына қатысып, өзінің төл қызметіне қай кезде де адалдық танытқан қайсар азамат, марқұм қазақтың батыр ұшқышы, ауданымыздың төл перзенті Қанат ағамызбен біз әркез мақтанамыз. Оның есімі жерлестерінің есінде мәңгі сақталады.
Айнагүл Күнұзаққызы