«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер аудан әкімі Қайрат Нұртаевтың жетекшілігімен өткен актив жиналысында талқыланды.
Аудан басшысы стратегиялық құжат – дағдарыстан кейін экономика мен азаматтардың әл-ауқатын қалпына келтрудің айқын және нақты жоспары екенін айтты. Жолдауда пандемия кезіндегі әлемдік дағдарыстан шығу жолы көрсетілді. Жиналыста Жолдау жүктеген міндеттер мен іске асырылуы тиіс тапсырмалар талқыланды. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров Қоғамдық кеңес мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық құжаттағы белгіленген межелер мен ҚР Қоғамдық кеңестер туралы Заңын тілге тиек етіп, білім, денсаулық сақтау саласы бойынша ауданымыздағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Облыстық мәслихат депутаты Сабыржан Сұлтанов «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің бүгінгі тыныс-тіршілігі – мал басын өсіру, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, мал азығын дайындау жұмыстарынан хабардар етіп, өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева ауданымызда індет кезінде 972 коронавируспен және ауруханадан тыс пневмония тіркеліп, олардың 616-сы -ауруханада, 265-і – үй жағдайында емделгенін жеткізіп, өкінішке қарай, КВИ-дан 5, пневмониядан 10 адам қайтыс болғанын айтты. Өңірімізде инфекционист мамандары жетіспейтінін тілге тиек етіп, салаға қатысты Жолдау жүктеген міндеттерді саралады.
Аудан активін қорытындылаған аудан басшысы Қайрат Нұртаев маңызды құжат тармақтарын іске асыру бағытында жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
А.Шакупова