«Құрманғазы «Туған жер» қоғамдық қоры» үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен бір топ құрманғазылықтар Ресей Федерациясы, Астрахан облысы, Красный Яр ауданы, Кіші арал елді мекенінде орналасқан Бөкей хан кесенесіне саяхаттап қайтты.
Аталған қордың басшысы Азамат Абдоллаевтың айтуынша бұл саяхат туристік бағытта еліміз бойынша гранттар беріп, ашық конкурстар өткізетін «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы «Даналық» қоғамдық қорының» бастамасымен бөлінген грант аясында жүзеге асып отыр.
Қиғаш шекара заставасынан еркін өттік, мініп келген көліктеріміз осында қалды. Ресейлік шекарашылар да көп кідіртпеді. Көрші елге аяқ басқанда ақ күмбезді қызыл кесене мен мұндалап, өзіне шақырып, көрініп тұрды. Жусан исі бұрқыраған даламен жаяу тарттық. Кесенеге дейін екі шақырымдай жүрген болармыз. Бөкей хан кесенесі орналасқан биік жер сап-сары құмды, жусанды төбелер арасында жасыл оазис болып ерекше көз тартады екен. Мұнда кесене ашылған 2011 және одан кейін 2014 жылы жұмыс бабымен келгенмін. Бірақ, ол кезде қазіргідей қоршалып, абаттандырылмаған, адамдар жүретін өрнекті тастар төселген жолдар жоқ еді. Ерекше күтімге алынғаны назардан тыс қалмады. Сейд баба басына дейін екі жағына жағалай аласа шыршалар отырғызылған әдемі аллея апарады. Шыршалар біз көріп жүргендерден өзгеше, бұтақтары жоғары қарап өскен. Аллея бойында басқа теректермен қатар, шыршаның үш түрі бар. Арасымен өткенде ауадан ерекшелікті байқайсың.
Жалпы, қылқан жапырақты ағаштардың арасындағы ауа біраз ауруға шипа болатынын медициналық анықтамалардан таба аласыз. Баптай білсе, құмды жерге де шырша өседі екен. Әулие кесенесінің маңы тап-таза, адамдар отыратын орын да жасалған. «Сырт көз – сыншы», дегендей, осындай өзгерістерді көріп, қазақ үшін орны бөлек Бөкей хан мен Сейіт баба әулие жерленген жерлерге бүгінде қамқорлық жасап отырған қандастарымызға, Астрахан өңірлік «Сейд баба және Бөкей хан» мәдени-тарихи кешенін сақтау қоғамдық қорына» риза болдық. Аталған қор ғимараттарды күзету және күтіп ұстау үшін 2000 жылы 26 шілдеде құрылған. Кешен құрамына 2011 жылы бой көтерген Бөкей хан, Атан ханым кесенелері, 1830 жылы Жәңгір ханның тапсырысы бойынша Санкт-Петербург қаласының сәулетшілері дайындаған Бөкей хан, Атан ханым зираттарындағы дуал, Сейд баба мазары, түнейтін үйлер кіреді.
Осы жерде мұнда жерленген екі тұлға жайлы қысқаша мәлімет бере кеткеніміз артықтық етпес. Сейіт баба (Сейд) халық емшісі, әулие адам. Толық аты-жөні Кулвай Бин Сайд Гали. Емші ғана емес, ХVIII ғасырдың ортасы мен ХІХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен қоғам және дін қайраткері.17 жасында қасиетті Мединеде тұрып, Мысыр елінде, Бағдат пен Басра қалаларында оқып, Түркістанда, Үндістанда болған, дін ілімін терең меңгерген адам. 1812 жылы өмірден өткен. Бөкей хан Нұралыұлы 1801 жылы 5 мың үй, 22275 адам, 2 миллион малмен Еділ мен Жайықтың арасына қоныстанып, қазіргі отырған жерімізді ұлтымызға қайтарған ұлы тұлға. 1812 жылы Кіші орданың ханы болып, 1815 жылы дүние салған.
Сейіт баба мен Бөкей хан кешенін аралау жақсы әсер қалдырды. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі типтес ақ мұнаралы зәулім кешен ішінде Бөкей ханның зираты бар. Жанында орналасқан ақ шағаладай көрінген, көлемі шағындау, дәл ортасында арабша жазылған құлпытасы бар кесене Атан ханымдікі. Келгеннен бері қасымызда жүрген Миниолла ағамызды сөзге тартқанда бір жылдан бері кешенде жұмыс жасайтынын жеткізді.
– Зейнеткерлікке шыққаннан бері осындамын. Байқаған шығарсыздар ауасы керемет. Өзім қан қысымымен ауыратын едім, мұнда келгеннен соң бірден сауықтым. Жалғыз мен емес, аяғын баса алмай қалған адам бір түнегенде орынынан тұрып кеткен жағдай да кездесті. Мұнда жан-жақтан адамдар келеді. Біреулері Бөкей сияқты ұлы тұлғаға тағзым етуді мақсат етсе, екіншілері дертіне шипа іздейді. Ресейден орыстар да ем іздеп жетеді. Басшымыз өте жақсы адам, билік тарапынан ақша бөлінбесе де қордың қаражатымен кешенді тап-тұйнақтай етіп ұстап отыр, - дейді Миниолла ағамыз.
Енді,саяхаттай барған ауылдасымыздың пікірін тыңдайық. Аудандық жас суретшілер бекетінің өлкетану бөлімінің меңгерушісі Кенжетай Базарбаев: – Бүгін «Құрманғазы «Туған жер» қоғамдық қоры» үкіметтік ұйымының директоры Азамат Аболлаевтың ұйымдастыруымен бір топ адам, ішінде түрлі мекеме басшылары да бар Кіші арал жеріндегі Сейіт баба және Бөкей хан кесенесіне саяхаттап келген болатынбыз. «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық», дегендей, кейбір әріптестеріміз мұнда алғаш рет келіп отыр. Кешенді аралау барысында жақсы әсер алдық. Осындағы Миниолла ағамыз тартымды әңгімелер айтты. Бабаларға Құран бағыштадық. Бұл жер шетте жатқанымен тарихымыздың ажырамас бір бөлігі ғой. Соны жақсы түсініп отырған қандастарымызға, уақыт тауып бізді әкелген Азамат інімізге топ мүшелері атынан ризашылығымды білдіргім келеді, -деді.
Жер тарихы – ел тарихы. Алға қарай «Сейд баба және Бөкей хан» мәдени-тарихи кешенінде аралатып, таныстыратын бір адам (гид) ұстаса, шағын мұражай ашса, сервистік қызметті жолға қойса артықтық етпейді-ау деп армандап кеттік. Әрине, бұл сын емес, «Көрпеңе қарай көсіл», дегендей, шет жерде тарихи мұрамызды, үлкен кешенді қордың күшімен осылай жайнатып ұстап отырғанның өзі неге тұрады?! Әлемді қиыншылықтар қос өкпесінен қысқан қазіргі заманда бұл деген үлкен еңбек! Ерлік! Екі мемлекеттің іргесі тыныш болып, тату көршілігіміз жалғасын таба берсін деген тілекпен ат басын елге бұрдық.
Қанат ҒҰМАРОВ