«ҚҰРМАНҒАЗЫЛЫҚТАРҒА ҚЫЗЫҒА ҚАРАЙМЫН»

(0 Votes)

«Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының 16 желтоқсан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне арналған «Менің Қазақстаным» атты ақпараттық үгіт-насихат пойызы Ақкөл ауылында болды.

Топ құрамында «Қазақстан Теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ «Атырау облыстық магистралдық желі бөлімшесі» филиалының директоры, облыстық мәслихат депутаты Елеубай Сапаров, «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Саясаттанушылар орталығының төрағасы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин, аталған орталықтың мүшелері С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры Болат Нығметов, Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сайфолла Сапанов, Қазақстан Теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ «Атырау облыстық магистралдық желі бөлімшесі» ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамидолла Айтимов және дәрігерлер, партия мүшелері, жастар, өнерпаздар, спотшылар бар.

img_8253

img_8256

Үгіт-насихат пойызын «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы саяси бюросының мүшесі, аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев, партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев бастаған партия мүшелері, ардагерлер, жастар үлкен қошеметпен қарсылады.

img_8262

Аудан әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаев қош келдіңін айтып: –Ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында шетте жатсақ та ат басын бұрып келіп жатқандарыңызға аудан тұрғындары атынан ризашылығымды білдіремін. Облысымыздағы жеті ауданның ішінен Құрманғазы ауданы Ресей елімен шекаралас жатқан Қазақстанның батыс қақпасы, қасиетті, құтты мекен. Бұл жерден талай тұлғалар шыққаны, бүгінде елімізге қызмет етіп жүргені өздеріңізге жақсы мәлім. Сіздер үлкен тойдың үстіне келіп тұрсыздар, бүгін аудан орталығында мәслихаттың құрылғанына 25 жыл толуына орай жиын өтіп жатыр, - дей келе шараның ресми бөлігі өткеннен кейін атыраулық қонақтар мәдениет, білім, денсаулық басқа да салалар бойынша қабылдаулар, кездесулер ұйымдастыратынын жиналған халықтың есіне салды.

img_8267

Келесі кезекте «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ө.Есенғазиев сөйлеп: – Бұл Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында онымен біте қайнасып келе жатқан партиямыздың халыққа, елге жасап жатқан жақсылықтарын насихаттау мақсатындағы үлкен шара. Осы күнге дейін оның атқарып жатқан жұмыстарын жеткізу үшін ортамызға келіп жатқан үлкен делегацияға сіздердің аттарыңыздан алғысымызды айтамын. Елімізде әрқашан береке-бірлік болсын, «Nur Otan» жасай берсін, - деді.

img_8280

Облыстық мәслихат депутаты Е.Сапаров: – Біздің Атырау теміржол бөлімшесі Атырау вокзалында бастаған үлкен «Менің туым – менің Отаным» акциясы Ақкөл ауылына келіп жетті. Акцияны теміржолшылардың бастауы біздерге көрсетілген үлкен құрмет, сенім деп есептейміз. Тәуелсіздік күні Қазақстандағы барлық мерекелердің маңыздысы. Партиямыздың төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш президенті, Елбасымыз Н.Назарбаевтың игілікті істерінің арқасында мемлекетіміз дамып, өркендеу үстінде. Соның бір көрінісі осында Қазақстан темір жолының жаңа тепловозымен, өзімізден шыққан «Тальго» вагондарымен келіп отырмыз. Мұның бәрі осы Тәуелсіздігіміз сыйлаған жетістігіміз, - деп «Менің туым – менің Отаным» акциясы аясында арнайы әкелінген көк туды аудан әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаевқа табыстады.

img_8284

img_8290

Әнұранымыз ойналып, көк байрағымыз көтерілді. «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Саясаттанушылар орталығының төрағасы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Л.Бердіғожин:– 260 жыл бойы патшалық Ресейдің, Кеңес Одағының бодандығында өмір сүрдік. Осы кезеңде тарихшылар жазғанындай 370-ке тарта ұлт-азаттық көтерілістері болды. Алаш көсемдері жазғандай оған қатысқандардың бірін түрмеге тықты, екіншісін атты, үшіншісін итжеккенге айдады. Алайда бодандық жүйе бұл әрекеттерімен елдің еркіндікке, тәуелсіздікке ұмтылған ерік-жігерін, рухын жасыта алмады. Сол ерік-жігер халқымызға ғасырдың соңында үлкен береке сыйлады. Ұмытпауымыз керек, 1991 жылғы 16 желтоқсан Қазақстанды әлемдегі БҰҰ-ына тіркелген 250-ге тарта егемен мемлекеттің қатарына қосты. Содан бері көк туымыз бен Әнұранымыз Мемлекет басшысының сапарларында, спорттық жарыстарда үнемі бізді жігерлендіріп отырды. Өзім құрманғазылықтарға қызыға қараймын. Себебі, 2006 жылы сіздердің жерлестеріңіз Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әні Әнұран ретінде бүкіл Қазақстан халқынан қолдау тапты. Сіздер Жұмекенмен, оның осы әнімен мақтануға тиіссіздер. Әрқашан оны орындаған уақытта жанымыз қуанышқа бөленіп, рухымыз биіктей түседі. Көк туымыздың түсіндей бәрімізге ортақ көгілдір аспанымыз ашық болып, Қазақстанды мекендейтін 140-тан астам ұлттың өкілдері бәрі бір үйдің адамындай тату-тәтті ғұмыр кешіп, бірлігі жарассын, қоғамымыз тыныш болсын, - деген игі тілегін жеткізді.

img_8293

img_8307

Шараның ресми бөлігі шағын концертпен, жастардың орындауындағы флешмобпен аяқталғаннан кейін үгіт-насихат тобының мүшелері әр сала бойынша бөлініп тұрғындармен кездесіп, қабылдаулар өткізіп, ақыл-кеңестерін берді.

img_8319

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521