Құрманғазылық хат тасушылардың халі осындай

(0 Votes)

Аудандық пошта байланысы торабына 2020 жылдың келесі жартысына мерзімдік басылымдарға жазылу үшін бірнеше күн барып иін тіресіп кезекте тұрған жұртшылықтан ары қарай өте алмадық.

Бұзып-жарып кіріп кету ғадетімізде жоқ. Карантин талабын сақтау жайына қалған. Бірін-бірі итере езгілеп жатыр. Бәрі де ойнап жүргендер емес, отбасы тірлігін ойлап жүргендер. Аяйсың, аяғанда қолдан не келеді. Пошта қызметі жеңілдетілді, халыққа тиімді жағы ойластырылды деп еді, сондағысы осы ма? Оңбай, оқсамай тұрған сала-осы пошты қызметі. Дұрысында газет-жорналдарға өздері жазуы керек ғой. Өйткені, жазылудан түскен қаржының елеулі бөлігін сыпырып алып отыр. Облыстағы басшылықтың мұндағы қиындыққа түкіргені бар. Аудандағы билік соларға емінеді, бірақ қайыр-қайран жоқ. Хат тасушы, алғыс алып жүрген Серік ініміз мені және ұжымын жаздыруға келіп сандалып жүрген кешкі мектептің есепшісімін деген қарындасты арт жақтағы ұяның ауызындай тесіктен кіргізді. Қарындас зып ете түсті. Мен басты оңдырмай бір соғып, бірақ сыр білдірмей ішке ендім.

Хат тасушылар Атыраудан келетін поштаны күтіп отыр екен, қажетті басылымдарыма жазып түбіртегін қолыма ұстатты.

Журналистік әуестік жағдайларына үңілдіртті. Нұрсұлу қарындас жұмған аузын ашпаса да, өзгелер жағалай жағдайларын айтуға көшті. Күні ұзағы сөмкелерін арқалап салпақтағанда айына алатындары 30 (отыз) мың теңгеге де толмайды екен.

– Істемейміз,- деп талап қоймайсыңдар ма?-деймін оларға. –Қойдық сондай талабымызды, -істемесендер әне есік ашық,-деген жауап әзір. Балалы-шағалымыз, оның үстіне үйреніскен жұмысымыз, мұны тастағанда бізді кім күтіп тұр,-дейді олар. –Нұрсұлу сендерден көп алады ма, үндемейді ғой?

- Жоқ құдай, ол да бізбен бірдей, жиырманың үстінде ғой алатыны. Зейнеткерлікке шығуына санаулы айлар қалды, арыз айтсам шығарып жібереді деп қорқады. Сужүрек өзі. - Ағай,-деп жалт қаратты тағы бірі. –Бірдеңе жазайын деп сұрап отырсыз ба? –Иә, -Жазар болсаңыз тұрғындарға айта кетіңізші, бізді поштаны кеш апарады деп арызданатындар бар. Мысалы сіз газет күтіп жүретіннің бірісіз ғой, уақытында аласыз ба, құдайлығыңызды айтыңызшы? –Аудандық, облыстық газеттерді біздің «ПМК»-ға тасымалдайтын мың болғыр қарындас сол шыққан күні жеткізіп береді. Ал, «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері мен «Жұлдыз» журналым біраз күн кешігіп қолыма тиеді. –Әне, сіздің пошта жәшігіңіз бар, соған салып кетеміз.

Ал, жәшігі жоқ үйлердің қожалары кейде есіктерін тас қылып бекітіп қойып, ашпайды, не үйлерінде болмайды. Айналып әрі-бері жүреміз де амалсыздан кетіп қаламыз. Артынан газетім кешігіп келеді, деп сауатты ағайлардың өзі арызданып жатады. Ағай, әрбір үй жәшік ұстаса, басылымдары қолдарына уақытылы тиетінін ескертіп жіберіңізші. Тым-тырыс отырған Нұрсұлуға тіл бітті: -Көп үйлер иттерін бос қояды. Өткенде бір үйдің ауласына бейғам кіріп едім «арп» етіп ұмтылғаны. Қайта қожайыны сыртта жүр екен, арашалап үлгерді.

Республикалық басылымдарды андағылар бізге кеш жібереді. Болды осымен ол. Жалпы бүгінгі пошта қызметінде адамдық фактор деген бар ма екен өзі? Серіктен басқасы өздері айтқандай ылғи әйелдер, балалы-шағалы жандар екен, обал ғой бұлары? Ұядағы балапандай шырылдамай қайтсін байғұстар, «адамның жазығы ийді» дейтін жайт екен бұл. Обалдары нешік округ әкімдері, саналы ұжымдар басшылары, атымтай-жомарттар болмағанда баспасөзге жазылу деген мәселеге мәндімісін деп отырған поштыңды көрмей келеміз.

Ақкөл округіндегілердің жазылар едік, пошта кісісін жібермейді деп қақсағандарына қайран қылар жан жоқ. Басқа округтегілердің де мұң-наласы осы іспеттес. Хат тасушылардың халін бастарыңызға бермесін, оларды аяйық, иттерімізді абалатып алдарынан шығармай шынжырда ұстайық, қолдан жасап болса да аула сыртына жәшік ілейік, қадірлі ауылдас ағайын! Сөйтейік...

Таңатар Дәрелұлы,

ауданның Құрметті азаматы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT