Атырау облысы Құрманғазы ауданында қара сора плантациясы анықталды, деп хабарлайды Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізу кезінде ауыл тұрғынынан заңсыз қару мен оқ-дәрілер және есірткі заттарын тәркілеген.
55 жастағы азаматтың үйінен жалпы салмағы 900 гр. болатын қара сора табылды. Сонымен қатар, заңсыз сақталған 16 калибрлі аңшы мылтығы, 50 дана оқ-дәрі, 62 дана гильза тәркіленді. Бұдан басқа, ауласында құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіргені анықталып, 178 түп қара сора алынды.
- Қазіргі уақытта күдікті уақытша оқшаулау изоляторына қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР ҚК – «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» және «Есірткі заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындап, кептіріп, үгітіп сақтау» баптары бойынша бойынша жүргізілуде, - деп мәлімдеді Атырау облысы Полиция департаменті баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, күдіктіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482 «Қаруды заңсыз сақтау» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Фото ашық дереккөзден алынды