Отбасындағы зорлық-зомбылық бұл – қазіргі біздің қоғамымыздағы көкейкесті мәселе, нәтижесінде одан көбіне әйел адамдар жиі зардап шегеді. Бүгінде елімізде отбасы институтын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып келетініне қарамастан оған біржола тосқауыл қою мүмкін болмай отыр.
Zoom форматында өткен облыстық семинарда әлемнің көптеген елін толғандырып отырған отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес, оның алдын алу мәселелері талқыланды. Облыстағы спикерлер Құрманғазы ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі кеңес мүшелері және аудандық, ауылдық аналар кеңесінің төрайымдары, мүшелерімен онлайн кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. – Зорлық-зомбылықтың салдарынан пандемия кезінде әйелдер мен балалар, қарт адамдар мен мұқтаж жандар көп зардап шекті. Оның себебі жұмыссыздық, ақпараттың аздығы, білім деңгейінің төмен болуы сияқты тағы да басқа әлеуметтік салдармен байланысты болуы мүмкін.
Қазіргі таңда мемлекетімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушілеріне психологиялық травмадан кейінгі жан-жақты көмек көрсетілетін 41 дағдарыс орталықтары жұмыс жасайды. Алайда, тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушілеріне көрсетілетін психологиялық көмек сапасын талдаудың нәтижесіне сүйенетін болсақ, психологтардың аталмыш мәселе бойынша арнайы дайындығы жоқ екенін көріп отырмыз. Бұл көрсетілетін көмек сапасының төмендеуіне алып келеді. Сондықтан, қазіргі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі республика көлемінде түрлі ғалымдардың, профессорлардың қатысуымен тереңірек зерттелуде. Бұл мақсатта арнайы ұсынымдар дайындалуда. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңға да өзгерістер енгізілуде – дей келе, модератор келеңсіз жағдайдың қоғамға тигізетін кері әсері туралы жеткізу үшін сөзді Атырау облыстық мәслихатының депутаты, ҚХА Атырау облыстық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы, облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Нұржан Мақсотұлына жолдады. Көпбалалы әке Нұржан Мақсотұлы әр уақытта отбасына ер азамат қорған болуы керектігіне тоқталып, тұрмыс тапшылығына тап болған аз қамтылған отбасылармен бетпе-бет кездесіп, олардың хал-жағдайын біліп, қайырымдылық көрсетуді әдетке айналдырғанын алға тартты. Атырау облысы Полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Райса Зинелғабиденқызы 2021 жылдың 9 айында 754 әйел арызданғанын, 1849 тұлғаға арнайы заңның баптарына сәйкес хаттама толтырылғанын, 1811 қорғау нұсқамасы шығарылғанын, 1-ауыр, 2-орташа дәрежелі дене жарақатын салған қылмыс тіркелгенін қаперге беріп, аймақтағы статистикалық мәліметтерден хабардар етті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінің басшысы Айбаршын Тұхпатоллақызы биыл зорлық-зомбылық көрген 18 әйел, 55 баласымен орталықты 6 ай бойы паналағанын, оларға психологиялық, заңгерлік кеңестер берілгенін жеткізді. Соның ішінде Құрманғазы ауданынан барар жері жоқ 5 адам бөлімшеде тұрақтағанын, жалпы 2012 жылдан бері 30 әйел орталықтан көмегіне жүгінгенін айтты. Бүгінде онда тұрып жатқан 3 азаматшаның 2-еуі Құрманғазы ауданынан екенін қаперге берді. Сонымен қатар, Айбаршын Тұхпатоллақызы республика көлемінде жаңаша форматта қолға алынған пилоттық жобаларды таныстырды. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы өзекті мәселеге орай өңірде жүзеге асырылып жатқан істерге тоқталып, аудандарға пилоттық жобаларды енгізуді, әсіресе агрессорлармен жұмысты жандандыруды қолдайтынын жеткізді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының көпшілігінде ескерту, айыппұл немесе 15 күнге дейін бас бостандығын шектеу түрінде әкімшілік жаза қолданылады. Бұған агрессорлар тарапынан немқұрайдылық байқалады. Олар құқық бұзу әрекеттері үшін ауыр жаза болмайтынына көзі жете отырып, психологиялық қысым көрсетеді, жақындарына күш қолданып, зорлық-зомбылық жасауын жалғастыра береді. Осы орайда қоғам назарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жоюға, агрессорлармен күрес, балаларға қатысты қатыгездікті анықтау жүйелерін қалыптастыру мәселелеріне аударуды мақсат еткен семинар барысында спикерлер алдағы уақытта оны түпкілікті шешудің жолдарын жетілдіре түсу қажеттігіне назар аударды.
Айнагүл Шакупова