Құрманғазыда жылу жүйесі жаңа қазандармен толықты

(1 Vote)

Халқымызда: «Қыстың қамын жазда ойла», деген даналық сөз бар.

Қыс енді қашықта емес, бір қырдың астында тұр, үш-төрт айдан кейін есіктен сығалап, төрге озады. Оның алдында жаңбырлы күз барын ескерсек, жоғарыдағы сөз дәл айтылғанына анық көзіміз жетеді. Жаздың да соңғы айында жүрміз. Жылу жүретін құбырлардың және орталық жылыту қазанының қысқа дайындығы қандай деңгейде? Деректерді сөйлетсек аудан орталығындағы жылу жүйесінің жалпы ұзындығы 5300 метр. Былтыр қыс болып жарытқан жоқ. Алайда бұл биыл да солай өтеді дегенді білдірмейді.

Жылу беруге жауапты мекеменің, «Атырау облысы Су арнасы» КМК Құрманғазы аудандық филиалының директоры Ерлан Аманжанұлы: – Атырау облысы әкімдігінің №226 қаулысымен 2019 жылдың 16 қазанынан бастап «Атырау облысы Құрманғазы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Тұрмыстық қызмет» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының атауы «Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Атырау облысы Су арнасы» КМК болып өзгертілді. Аталған мекеменің аудандық филиалы ретінде жаз мезгілін пайдалана отырып, қысқа дайындық жұмыстарын жасадық. Қысқаша тоқталып өтсек орталық жылу қазанына 2 дана КВА-4000 ЛЖГм маркалы жылу қазандығы орнатылды, түтін шығатын мұржалардың шіріген жерлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылуды жеткізу құбырларының жағдайы қанағаттанарлық. Тамыз айында мектеп, тұрғын үйлердің, жылу алатын мекемелердің жылу беру жүйелері қысыммен сынаудан өтеді. Сондай-ақ орталық жылу бөлімінде орналасқан 6 дана сырғыма (задвижка) ауыстырылды, бәрі қысқы жылу беру жұмыстарына дайын. Біз аудан орталығы Құрманғазы ауылында орналасқан 14 қос қабатты тұрғын үй (183 пәтер) мен 24 мекемені жылумен қамтамасыз етеміз. Заңды тұлғаларға, мекемелерге жылудың 1г/кал 2125, жеке тұлғаларға 1 текше метрге 51 теңге, - деді.

Орталық жылу қазанында болып, жағдайымен таныстық. Іші жып-жинақы, тап-таза. Кіре берісте 5,5 тонналық үш резервуар орналасыпты. Мұнда 15 квт-ық бес насос бар. 22 киловаттық үлкен насос Бұзауслан ауылына су айдауға қойылыпты. Ол жерге одан үлкенін салған соң қайтадан осындағы орнына әкелінеді.

img_2747

«Атырау облысы Су арнасы» КМК Құрманғазы аудандық филиалы бас инженері Мерфайыз Мукушев: – Екі «Буран» жылыту қазандығы Атырау қаласынан 2019 жылдың желтоқсан айының 28-інде автокөлікпен әкелінді. Жаңа жылдың алдында біреуін қостық. Екіншісін осы жазда орнаттық. Бұрыннан істеп келе жатқан біреуі бар. Қыста үшеуі кезек-кезек қосылады. Біреуінің бізге қарайтын барлық қос қабатты үйлерді, әкімдікті, Абай, Ломоносов орта мектептерін, кітапхананы және ҰҚК, бұрынғы әскери комиссариат ғимараттарын жылытуға қуаты жетеді. Бәрі де қысқа дайын. Алты тұрақты операторларымыз бар. Жылда солар жұмыс жасайды. Ауданымызға «Қазтрансгаз» АҚ облыстық филиалының өкілдері келгенде рұқсаттарын алады. Жазда су тарату қондырғыларына оператор етіп жібереміз. Жұмыссыз қалмайды. Қос қабатты көп пәтерлі үйлерге барып тұрған құбырлардың дені ауыстырылды. Тамыз айының аяғына қарай қысыммен сынау жұмыстарын жүргіземіз. Қысыммен су бергенде жарып шыққан жерлер болса оларды қысқа дейін жөндеуге кірісеміз. Бірақ, біз қос қабатты көп пәтерлі үйлерге барып тұрған су кіретін және шығатын крандарға дейінгі құбырға ғана жауап береміз. Арғы жағына үйдің иелері жауапты, - деді.

img_2750

Сөз соңында айтарымыз былтыр жылу беруде кідіріс болмады. Халықтан да арыз-шағым естімедік. Биыл да солай болады деген ойдамыз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521