Құрманғазыда жарық мәселесі қалай шешілмек

(0 Votes)

Аудан әкімі Марат Мурзиев қатысқан Ақкөл ауылдық округінде өткен есеп беру жиынында округ әкімі Әлімбай Әбдірахман атқарылған жұмыстардан хабарлама жасады.

- Ақкөл ауылындағы электр желілерін жаңғырту жұмыстарын жүргізу және ауыл көшелеріне көше жарығын орнату бойынша мердігер мекеме - «Айкон» ЛТД ЖШС-мен 40 шақырым  электр желілерін толықтай ауыстырылады. Сондай-ақ, жобаға сәйкес 485 дана жарықшамдары барлық көшеге орнатылады. Электр қуатын көршілес Хиуаз ауылынан алу үшін қосалқы станса салу жоспарланып отыр. Су тазарту ғимаратының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 5014000 теңгеге жолданған бюджеттік өтінім мақұлданып, таяу күндерде Ә.Сисенғалиев жеке кәсіпкерлігі бұл жұмыстарды бастайтын болады. Құлес ауылына(Қ.Тәкешов көшесі) шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңы салу үшін жарияланған конкурстың жеңімпазы «Сұңқар» ЖШС олардың құрылысын жүргізуге кірісіп кетті. Мердігер мекеменің жоспары бойынша тамыз айында жұмыстары аяқталып, тұрғындар игілігіне беріледі деп күтілуде, - деген ауыл басшысы басқа да жоспарлы істердің жасалатынын қаперге берді.

Баяндама аяқталған соң тұрғындар екі әкімге де жинақталып қалған талап-тілектерін ашық жеткізді. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Әбіш Сисенғалиев ауылішілік жол құрылысының жүру барысы, пошта бөлімшесінің қызмет көрсету сапасы сын көтермейтінін айтты. Көптің көкейінде жүрген сауалдарды түрлі жиындарда, әлеуметтік желіде жиі көтеретін белсенділердің бірі Елеусін Ибрагимов салынғалы жатқан екі саябақтың орналасуына қатысты өзіндік ойын білдіріп, Қ.Сатпаев көшесіне ойын алаңы салынса деген ұсынысын қоса жолдады. Басқа да сөйлеушілер тарапынан ауылдың тазалығы, қоқыс алаңы, көше кезген иесіз иттердің адам өміріне қауіптілігі, ауылға дәрігер жетіспеушілігі, тозығы жеткен электр желілері жайы сөз болды.

Аудан әкімі М.Мурзиев ауылішілік жолдар бойынша құрылыс материалдардың жетіспеуіне байланысты жұмыстар уақытша тоқтап тұрғанын, инерттік материалдар болған жағдайда да, тасымалдаушы вагондардың да тым аздығы жұмыстың ырғақты жүруіне кері әсер ететінін айтты. Дәрігер мәселесі бойынша, Ақкөл ауылы тұрғындар саны жағынан үлкен округтің бірі екенін ескере отырып, аудандық аурухананың бас дәрігеріне кадр мәселесін шешуді тапсыратынын мәлімдеді. Көше кезген иесіз иттерге шара алу жөнінде елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң күшіне енуіне байланысты бұрынғыдай мал дәрігерлік қызмет арқылы жою мүмкін еместігін қаперге берді. Дейтұрғанмен округ әкіміне иелігінде ит ұстайтын тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізу, басқа да заң шеңберіндегі шаралар негізінде итке қабылу жағдайын болдырмау сияқты тапсырма берді. Жиын соңында аудан әкімі М.Мурзиев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

0ae28031-4520-4450-bfae-1e3d2579b417

Көптің тілегі - көпір

Жаңаталап ауылдық округінің жаңадан сайланған әкімі Сұңғат Бралиев тұрғындар жиынында алдымен  2021-2022 жылдың қорытындысымен өткен есеп беруде ауылдастар тарапынан түскен Дәулеткерей музыка мектебі мен «Нұрбөбек» балабақшасына жаңа ғимарат салу ұсынысы бағытында жасалған жұмыстар жайлы баяндады. Сонымен қатар, екінші тоқсанда атқарылған істерді де қаперге берді.

– Елді мекендердің тазалығы бойынша мемлекеттік сатып алу тәсілмен жеңімпаз деп танылған «Абдулов Б.Е» жеке кәсіпкерлігі жыл аяғына дейін жұмыстанатын болады. Хиуаз, Шағырлы, Үлкен Күйген ауылының көшелеріне қосымша 47 түнгі жарықшам орнатуға конкурс жарияланып, жеңімпаздары анықталуда. Елді мекендерді көгалдандыруға келсек, тендер жеңімпазы «Баязитов С» жеке кәсіпкерлігі ауыл аумағында 250 түп тал отырғызып, күтіп-баптау үстінде.  «Жасыл ел» жастар жасағының сарбаздарымен Хиуаз батыр саябағындағы теректер суғарылып, күтімге алынды. Салынып жатқан мәдениет үйіне жұмыспен қамту орталығы арқылы 13 ауылдас жұмысқа тартылды. Племстанция және Алматерек елдімекен тұрғындарының ауыз сумен қамту сұранысы бойынша округтегі шаруа қожалық иесінің көмегімен ауыз су тасымалдануда, - деді.

2fb6a6cc-80c8-4d26-b421-37626424f104

Тұрғындар Болатбек Қажетияров Шәрапи ауылынан қатынап оқитын мектеп балалары үшін жаяу көпір салуды, Сәрсенбай Молдағалиев мал ұстаушыларға аса қажет Сильнай, Өлеңді көпірлерін жол салу кезінде шығып қалған темірбетон өткелдер арқылы жөндеуді тағы да әкімдердің есіне салды. Забих Дәулетов көшелерге қоқыс жәшігін орнатуды, Сираж Садыхов дүкендер маңы шашылып жататынын айтып, кәсіпкерлік нысан иелерін тазалыққа жауапты етуді ұсыныс етті. Ал, Төлеген Аманғалиев болса ауылдың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында кешкі мезгілде спирттік өнімдерді сатпау, учаскелік полиция инспекторымен қадағалау ұйымдастыруды қаперге берді.

Талап-тілектерді мұқият тыңдаған аудан әкімі Марат Мурзиев аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысына тұрғын ұсыныс еткен жаяу көпір салуға қандай мүмкіндік барын, округ әкімімен ақылдаса отырып, ұсыныс дайындауын тапсырды. Басқа да мәселелерге орай жауабын берді. Суға шомылу маусымы кезіндегі соңғы кезде орын алып жатқан өкінішті жағдайларға орай, учаскелік полиция қызметкеріне қауіпсіздік ережелері жайында ақпараттандыруды күшейтуді жүктеді.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT