Құрманғазыда жаңа мөлтек аудандар салынады

(0 Votes)

Аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сисатов, Атырау облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Дина Бекпанова, «Қолдау» ЖШС-нің бас сәулетшісі Дәурен Елубаев, «Казгипроград» жобалау институты» ЖШС-нің бас маманы, сәулетші Дамир Сырлыбаев, аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов бастаған депутаттардың, Құрманғазы, Байда ауылдық округтерінің әкімдері Абдуррахман Муса мен Жүсіп Төреғалиевтің қатысуымен Құрманғазы ауылдық округінің «Шарапат», «Бәйтерек», Байда ауылдық округінің «Бәйтерек» шағын аудандарының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының құрылыс нобайын (эскиздік жоба), даму нұсқаларын талқылауға арналған қоғамдық тыңдау өтті.

Алға қарай салынатын құрылыстарды талқылауға арналған жиынды аудан әкімінің орынбасары Болатбек Серікұлы ашып: – Ұсынылып жатырған бұл жобаларға тапсырыс беруші Атырау облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы. Бұған дейін де жыл басынан бері үш рет талқылауға салынған. Ертең бекітуге аудандық мәслихаттың сессиясына жіберіледі. Заңдылыққа сай біз кез келген жобаны талқылап барып бекітуіміз қажет. Бұл қатып қалған нәрсе емес, өзгерістер енгізілуі мүмкін. Сондықтан өз ұсыныстарыңызды ортаға салыңыздар. Себебі, бұл кісілер біздің ортамызға жиі келе бермейді, - деді.

«Казгипроград» Жобалау институты» ЖШС-нің бас маманы, сәулетші Дамир Сырлыбаевтың түсіндіруінше Құрманғазы ауылында салынатын «Шарапат» шағын ауданының көлемі 46,3 гектар (Бұл орын орталық стадионның шығыс жағына орналасқан). Мұнда ту тұғыры, неке сарайы, саз мектебі, сәулет нысандары, жалпы білім беретін мектеп, суағарлар, кәріз жүйелері, транспорттық көлік жүйесі, ойын алаңдары, саябақ және тағы басқалары болады. Сумен қамту Шора өзені арқылы жүзеге асырылады.

Жоба тыңдалғаннан кейін аудандық мәслихаттың депутаты Ерлан Хисметуллин халық бұдан алдын ала хабардар етілген-етілмегенін, Орал-Каспий инспекциясының рұқсаты бар-жоғын сұрады. Неке сарайының қандай қажеттілігі барын айтып, қазіргідей ақша тапшылығы кезінде оған қаражат қалай бөлінетініне қызығушылық танытты. Әріптесі Нұрлан Хұсайынов адам демалатын орындарға, өр суынан қорғайтын бөгеттерге қатысты сауал қойды. Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах пен аудандық мәслихаттың депутаты Өмірболат Есенғазиев ол жерге өр суы жиналатындықтан құрғату, топырақ төгіп көтеру жұмыстарын жүргізу қажеттігін алға тартты. Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов пен депутаты Бержан Кенжебаев жағаны бекітуге қатысты ұсыныстарын ортаға салып, оны бетонмен жүзеге асыру керектігін айтты. Атырау облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Дина Бекпанова жағаны бетондап тастау қымбатқа шығатыны, оған қажет қыруар қаржы бөлінбей қалуы мүмкіндігі ескеріліп, бөгеттерді пайдалану таңдалғанын қаперге берді. Біраз талқыланғаннан кейін бұл жоба қолдау тапты.

zhinalys-anat-aa

Сол сияқты осы округтегі «Бәйтерек» мөлтек ауданының (ПМК) жобасы да талқыға салынды. Мұнда қонақүй, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандары орналасады. Барлық инфрақұрылыммен қамтылады. Су басу қаупі бар жеріне құрылыстар салынбай, саябақ орналасады.

Үшінші болып қаралған Байда ауылдық округінің шығыс жағынан орын тебетін «Бөкейхан» мөлтек ауданы басқаларымен салыстырғанда ауқымды. Шағын аудан 321 үй (округ орталығы Котяев ауылында 300-дің үстінде үй бар), 1450 адамға есептелген. Ту тұғыры, 600 орындық мектеп, 240 орындық балабақша, дүкендер, дәріханалар, балалар ойын алаңдары, жергілікті мұражай, декоративтік құрылыстар, саябақ және басқаларын салу қарастырылған. Жоба жөнінде Атырау облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Дина Бекпанова, «Қолдау» ЖШС-нің бас сәулетшісі Дәурен Елубаев жіліктеп түсіндіріп, қоғамдық

қабылдауға қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға жауаптар қайтарды. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Марат Хасанов округте жаңадан су тазалау қондырғысы салынып жатқанын, оның бұл мөлтек ауданды қамтуға қауқарлы екенін нақтылады. Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов жоба халыққа таныстырылды ма деген сұрақ қойып, Байда ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев жиналыс өтіп, тұрғындар келісімін бергенін жеткізді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT