Құрманғазыдағы карантиндік бөлімше дәрігерлеріне азық-түлік табысталды

(1 Vote)

Қазақстан Халқы Ассамблеясы Құрманғазы аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Ақтілек Хамитованың ұйымдастыруымен аудандық аналар кеңесі және Құрманғазы аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газеті редакциясы атынан Жұмекен ауылында орналасқан аудандық орталық аурухананың карантиндік-провизорлық инфекциялық бөлімшесіне азық-түліктер табыс етілді.

Бөлімшенің бас дәрігері Амантай Арыстанәлиевтің айтуынша дәл қазір бұл бөлімшеде 30 инфекциялық, 50 провизорлық, 10 карантиндік орын бар. Оларда 45 адам емделуде. Оның екеуі COVID-19 індетімен, қалғандары пневмониямен үйден ем аламын деп ауруын ушықтырып алғандар. Аталған емделушілерге 10 дәрігер, 25 медбике қызмет көрсетуде. Бес бірдей жас дәрігер жаңадан келсе, оның біреуі Түркістаннан. Жалпы, тазалықшылармен, техникалық қызметкерлермен қоса алғанда ұжым құрамы 70 адам.

img_2713

Әкелінген азық-түліктерді ақ халатты абзал жандарға табыс еткен аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Ақтілек Хамитова: – Адам өмірі мен денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген Амантай Өтешұлы бастаған аудандық орталық аурухананың карантиндік-провизорлық инфекциялық ұжымына үлкен алғысымызды білдіру үшін орталарыңызға келіп жатырмыз. Қазір елімізде қоғамда болып жатқан жағдайларға орай дәрігерлерге құрмет көрсету мен көмек жасау бағытында үлкен шаралар өтуде. Өз тарапымыздан «Дәрігерлерге мың алғыс» атты шара ұйымдастырып, әрі Құрбан айтпен құттықтап шыққанды жөн санадық. Дүние жүзін жайлаған індеттен Қазақстан да сырт қалмай өзінің бауырынан, туысынан айырылып қайғы жұтқан отбасылары жеткілікті. Сол індеттің бетін қайтарып отырған сіздер, ақ халатты абзал жандар. Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңізді біздер бағалаймыз. Әр үйден ауырып-сырқап, бар үмітін өздеріңізге артып келгендерге көмектесіп, Гиппократ антына адалдық танытып, індетпен бетпе-бет күресіп жүрсіздер. «Менің жанымды сақтап қалшы», деп көзі жәудіреп жатқан талай сырқаттардың қасынан табылып, оларды өлім аузынан алып қалып, өмірге оралттыңыздар. Дендеріңізге сау, жігерлі болыңыздар, халықтың сенімін ақтаңыздар, - дей келе сөзін әкелген азық-түлік дәрігерлерге күш-қуат берсін, халықпен тіл табасып, олардың алғысына бөлене беріңіздер ізгі тілекпен тәмамдады.

img_2709

Бөлімше ұжымына кымыз, бауырсақ, түрлі жеміс-жидектер мен сусындар басқа да азық-түліктерді қоғамдық келісім кеңесі төрайымымен бірге аудандық аналар кеңесі төрайымы Балғаным Хасенованың атынан орынбасары Анар Мусина, Қазақстан Халқы Ассамблеясы Құрманғазы аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің сарапшысы Гүлжайнар Салауатова табыс етті.

img_2719

Аудандық орталық аурухананың карантиндік-провизорлық инфекциялық бөлімшесінің бас дәрігері Амантай Арыстанәлиев ризашылығын білдіріп: – Құрбан айттың алдында арнайы келіп, ауыр жұмыстың басында жүр ғой деп еңбегімізді бағалап, сый-сияпат жасап жатқандарыңыз үшін ұжымымыздың, жастардың атынан рахметімді айтамын. Алда көретін қызықтарымыз көп болсын. Қазір індет таралуы азайып, қалыпты жағдайға түсіп келеді. Қатарымыз да жаңадан келген бес жас дәрігермен толықты. Оларға да сәтті қадам тілеймін, -деді.

img_2722

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521