Құрманғазыда сыбайластыққа жол берілді ме?

(0 Votes)

«Amanat» партиясы Құрманғазы аудандық партия филиалының мәжіліс залында партияның Атырау облыстық филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы Сайын Сәлімгерейұлының төрағалығымен көшпелі отырыс өтті.

Оны аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов ашып, облыстан келген лауазым өкілдерімен таныстырды.  

-  Бәріңізге белгілі,  2022 жылдың 2 ақпанында «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасы» Президенттің арнайы Жарлығымен бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «....Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу – біздің саясатымыздағы негізгі басымдықтың бірі. Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен жемқорлықтың тамырына балта шабу керек»,- деп, кесе айтқан болатын.

Тұжырымдаманың 2-ші «Ағымдағы ахуалды талдау» атты бөлімінде келесідей жәйт аталып өткен, ол төмендегідей: «...Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл жөніндегі уәкілетті орган сыртқы талдау шеңберінде айқындаған сыбайлас жемқорлық алғышарттарын жоюға мемлекеттік органдар мүдделілігі әлсіз екендігі байқалады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау институты әлі мемлекеттік органдар мен ұйымдар үшін «өзін-өзі тазартудың» пәрменді құралына айналмады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл мәселелерінде мемлекеттік органдардың пассивтілігі сыбайлас жемқорлық деңгейінің нақты төмендеуіне сенім артуға мүмкіндік бермейді»,- делінген, ресми мемлекет деңгейіндегі құжатта.

Атырау облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл жөніндегі қоғамдық Кеңес 2008 жылдан бері мемлекеттік қызмет саласымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бағытында  қоян-қолтық жұмыс жасап келе жатқан бірегей партиялық құрылым болып саналады. Партиядағы  жаңару процесіне сай мемлекеттік басқаруды дамыту реформасына атсалысуда партия жұмысының басым бағыттарының бірі болып қалып отыр. Қоғамдық Кенестің жоспарына сәйкес, Құрманғазыауданындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының жағдайы және Құрманғазы аудандық партия филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасының есебін тыңдау жоспарланған. Қоғамдық Кеңестің мүшелерінен арнайы жұмысшы тобы құрылып, Құрманғазы ауданындағы атқарылып жатырған жұмыстарға талдау жасалды. Сонымен қатар 2019-2021 жылдар және 2022 жылдың алты айы есепті кезеңінде Құрманғазы ауданында сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар туралы тиісті құзырлы мемлекеттік органдардан анықтамалар алынды, - дей келе Сайын Сәлімгерейұлы жұмысшы тобының хабарламасын жасау үшін сөзді  қоғамдық кеңестің мүшесі, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының Партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Роман Мақсотовқа ұсынды.

d5498ef0-1828-45bc-b103-ed46bbc05207

Ол өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің мағлұматтарына сәйкес, 2019-2021 жылдары және 2022 жылдың 6 айында Құрманғазы ауданы бойынша алаяқтық жасау, жымқыру, лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану, пара алу, қызметтік жалғандық жасау, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу деректерімен 14 (2019ж.-0, 2020 ж.–6, 2021ж.-2, 2022ж. 6 ай-6) сыбайлас жемқорлық қылмыстары анықталғанын, оның 11 ісі сотқа жолданып, сот үкімімен 3 лауазымдық тұлға сотталғанын, 3 қылмыстық іс өндірісте жатқанын қаперге берді. Келесі кезекте Құрманғазы ауданындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының жағдайы және партияның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған  бағдарламасының орындалысы» жөнінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнар Хасанова баяндады.

 Күн тәртібіндегі мәселеге орай мәжіліс төрағасы С.Қуанышев хабарламашыға мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру бойынша атқарылған жұмыстар, аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясы отырыстарының формальдылығы, партия мен әкімдіктің арасындағы бірлескен шаралар, ішкі талдау нәтижелері қалай жүзеге асатыны туралы сауалдарын қойды. Қатысушылардан медицина саласының ардагері С.Кулов аудан бойынша сыбайластық деректерімен істі болғандар қандай жолмен анықталғанын сұрады.

Аудандық мәслихат хатшысы Б.Жүгінісов, мәслихат депутаты Б.Кенжебаев кейбір мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік сатып алу заңын басшылық алуда жіберілген қателіктердің салдарынан тәртіптік жаза қолданылғанын айтып, заң шеңберінде жұмысты мұқият үйлестіру қажеттігін жеткізді. Аудандық құрылыс және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Р.Нұғманов ауданда мемлекеттік сатып алуды құрылыс мамандары жүргізіп отырғанын, бұл қосымша жұмыс оларға қиындық келтіріп отырғанын алға тартып, бұған арнайы маман бөліп, секция ашуды ұсыныс етті.

Аудан әкімі аппарат басшысының міндетін атқарушы М.Мұстахишев әрбір мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, үнемі ізденіс үстінде болып, заң аясында жұмыс жасау қажеттігін ескертті. Аудандық партия филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Н.Құсайыновтың есебі тыңдалды.

Мәжілісті қорытындылаған Сайын Сәлімгерейұлы көшпелі отырыстың мақсаты - аудандағы анықталған сыбайлас жемқорлық фактілері мен олардың туындау себептері  және тәуекелдіктері туралы аумақ басшылығымен ашық форматта пікір алмастыру, жергілікті партия филиалы жанындағы Кеңеске методикалық – әдістемелік көмек көрсету болып табылатынын айтып, қаулы жобасымен таныстырды.

 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521