Құрманғазыда шөп шабу науқаны қарқынды жүруде

(0 Votes)

Тамыз жаз бойы қаулап өскен шөптің пісіп, жетілген кезі. «Темірді қызған кезде соқ», дегендей, дәл қазір мал азығын сайлап алғандардың мұртын балта шаппайды.

Жаңаталап ауылдық округі бойынша биылғы қысқа 13400 тонна шөп қажет. Бұл өткен жылдан қалған 300 тонна мал азығын қоса есептегенде. Биылғы маусымда шабылуы тиіс 13100 тонна пішеннің 7100-ін шаруа қожалықтары, 6 мыңын жеке тұрғындар дайындайды деп күтілуде.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол», дегендей, жақында ғана округ әкімінің міндетін атқарушы болып сайланған Сұңғат Бірәлиев шабындықтарды аралап, жұмыстың жүру бағытымен танысты. Шаруа қожалықтары иелерімен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Науқанның өту барысын талқылап, дала төсін дүбірге толтырған техникалардың жағдайын көзбен көріп, туындап отырған мәселелерді қаперге алып, ой түйді.

96a1af11-bc42-4604-abbe-cf492f593227

– Қыста жиі қар түсіп, көктем мен жаз жаңбырлы болды. Сондықтан шығар, жалпы алғанда шөптің шығымы жаман емес. Судың шабындықтарда жылдағыдай ұзақ жатып қалмауы да шаруагерлерге орақты ерте салуға мүмкіндік берді. Әрі науқан кезінде жаңбыр да көп емес. Бұл да табиғаттың қарасып тұрғаны ғой. Бүгінгі күні округте 88 шаруа қожалығы, 1425 бас ірі қара,1448 ұсақ мал, 440 жылқы,51 түйе бар. Өткен жылмен салыстырғанда мал басы 22%-ға өсті. Қазіргі күні 4300 тонна шөп дайындалды. Оның 2400 тоннасын шаруа қожалықтары дайындап отыр. Енді 8800 тоннасы қалып тұр. Алда әлі бір ай бар. Осы қарқынмен жұмыс жасасақ, қажетті мал азығын жинап аламыз деген үміттеміз. Қиындық тудырып отырғаны жанар-жағармайдың, техникаларға құятын майдың, қосалқы бөлшектердің, шөп байлауға қажетті жіптердің және басқа да құралдардың қымбаттап кетуі. Бірақ, шаруа қожалықтары кездескен қиындыққа қарамастан қолдан келгенше межеден шығуға жұмыстануда. Себебі, қыс қатал сыншы. Ол ағаттықты, мүмкіндікті қолдан шығарып алғанды кешіре бермейді,  - дейді округ әкімінің міндетін атқарушы Сұңғат Бірәлиев.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT