Аудан көлемінде індетке байланысты ахуал тұрақты.
Оның таралуының алдын алу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүруде. Аудан әкімі Қайрат Нұртаев: - Атырау облысы бойынша 7 мың адам карантинде жатыр. Олардың көбі ауру жұқтырмағанымен солармен байланыста болғандар. Ауданымыздағы 59 адамның бәрі де бізге келгенге дейін 5 күн жатып тексерілуден өткендер. Бұлар да індетке шалдықпағанымен сырттан келгендіктен қазір үйлерінде карантин режимін сақтауда. Оларға басқа жаққа шығуға, өзгелермен араласуға қатаң тыйым салынған. Әлсін-әлсін дәрігерлер барып қызуларын өлшеп, жағдайларын біледі, сол сияқты онлайн бақылауда да ұсталуда.
Агроколледж жанынан бөлінген провизорда үш адам жатыр. Ауданымыздан тыс жерлерден келгендіктен, үйлерінде карантин режимін сақтауға мүмкіндік жоқтығынан осында орналастырылды. Себебі оларға үйде бөлек бөлме, жуынатын орын, қолданатын құралдар қажет. Сақтық шараларын алу мақсатында 14 күнге тексеруге жатқыздық. Жалпы жағдай бақылауда ұсталуда. Өзімізден шықпағанымен індетті сырттан келгендер әкелуі мүмкін, сондықтан қазір «Құрманғазы» шекаралық өткізу пунктінен басқа 9-шы бекетке де блокпост қойдық. Аудандық штаб құрылып, күн сайын жағдай талданып, бақыланып отыр, -дейді.
Қ.Ғұмаров