Бүгін Құрманғазы ауылында жаңа қонақ үй ғимаратының ашылу салтанаты өтті.
Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қайрат Нұртаев ауданымыздағы жаңа нысандардың қатарына қосылып жатырған қонақ үй – барлық талаптарға сай жабдықталғанын атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол бойындағы сервистік қызмет көрсететін орталықтарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп салуға ерекше мән беру мемлекеттік тапсырмасын басшылыққа ала отырып, тоғыз жолдың торабы Құрманғазы ауданында бой көтерген қонақ үй кешені жеке инвестицияға салынғанын айтқым келеді. Кәсіптен нәсіп көзін тауып отырған жеке кәсіпкердің игілікті ісіне сәттілік! – деген ізгі тілегін білдірді.
Қонақ үй қожайыны Өтежан Дайынов кешеннің «А» категориясына өтуі үшін 40 орындық автотұрақ, жанар-жағар май құю бекеті және көлік жуу орталығын салуды жоспарлап отырғанын алға тартты.
Ғимараттың лента қию рәсімі аудан әкімі Қайрат Нұртаев, академик жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, Құрманғазы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадірбай Жармұханбетовке ұсынылды. Одан әрі жиналғандар нысанды аралап көрді. Бір қабаттан тұратын қонақ үй 15 бөлме, 30 орынмен қамтамасыз етілген.
А.Шакупова