Мәртебелі мереке қарсаңында Қадыр елді мекенінде «Арлан» қоғамдық моншасы ашылып, аудандағы кәсіпкерлік нысандарының қатары артты.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Марат Мурзиев құттықтау сөз сөйледі. Жыл басталғалы 13-ші нысан қолданысқа беріліп отырғанын, сонымен қатар ауданымызда кәсіпкерлік сала қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, статистикалық мәліметтер келтіріп, 4000-ға жуық адам осы бағытта табысты еңбектеніп жатқанын тілге тиек етті.
Одан әрі Құрманғазы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадірбай Жармұхамбетов, Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынжан Рахимов, Еңбекші ауылдық округінің тұрғыны, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Қамат Ғаббасов, кәсіпкер Нұрлан Каримов көптен бері тұрғындардың сұранысына ие болып келе жатқан қоғамдық монша халыққа сапалы қызмет көрсететініне сенімдерін білдіріп, кәсіпкерге бизнесінің алға қарай қарыштап дами беруін тіледі. Жаңа нысанның алдына керілген салтанатты лента қию рәсімін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынжан Рахимов пен «Арлан» ЖШС-нің басшысы Рая Үргенішбаева жасады.
Бұдан кейін шараға жиналған қонақтар заманауи үлгіде салынған ғимаратпен танысты. Айта кетейік, моншаның сыйымдылығы 50 адамға арналған, онда 8 бөлме бар, әрқайсысы демалыс залы, жуынатын орнымен қамтамасыз етілген. Тұрғындар игілігіне ұсынылған әлеуметтік маңызы зор нысанның иегері Р.Үргенішбаева қоғамдық моншаны өз қаражатына салып, 7 адамды жұмыспен қамтыды. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталып, оған 100,0 млн. теңге көлемінде инвестиция салынды.
Айнагүл Шакупова