2014 жылдан бері елімізде “Мерейлі отбасы» байқауын өткізу дәстүрге айналған.
Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған байқаудың биылғы аудандық кезеңі қорытындыланып, салтанатты марапаттау шарасы өтті. Аудандық кезеңге 12 отбасы өз өтініштерін білдірген. С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде өткен қорытынды кешке аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
– Сіздермен осындай керемет байқауда жүздескеніме қуаныштымын. Отбасы – мемлекеттің тірегі,берік негізі. Елге, жерге деген барлық асыл қасиет отбасынан басталады. Мемлекет басшысы «Бақытты әрі берік шаңырақ – еліміздің игілігі мен өркендеуінің кепілі. Мемлекет отбасы институтын қолдап, осы салада кешенді саясат жүргізетін болады» деп атап өткен болатын. Байқаудың «Мерейлі отбасы» деп аталуы жай айтыла салған сөз емес. Бұл – ананың аялы алақаны, әкенің ыстық мейірімі, туған-туысқаныңның жүрек жылуы. Сондықтан, жақындарымыз аман болсын, - дей келе, алдағы уақытта құрманғазылық отбасыларды осы байқауда белсенділік танытуға шақырды.
Сонымен, «Ұлағатты отбасы» - Рысқалиевтер, «Өнегелі отбасы» - Мұхамбетқалиевтер, «Парасатты отбасы» - Ибрашевтар, «Берекелі отбасы» - Алғаязовтар, «Белсенді отбасы» - Шигаевтар, «Ынтымақты отбасы» - Зиноллаевтар, «Еңбекқор отбасы» - Жанғалиевтар отбасы болып танылды. Жүлделі ІІІ орынмен Дыңғызыл ауылдық округінен Божановтар, байдалық Исмагуловтар отбасы марапатталса, ІІ орынды Азғыр ауылдық округінен Мұханбетовтер, І орынды ақкөлдік Қабдуловтар отбасы иеленді. Ал, Бас жүлдені Құрманғазы ауылдық округінен Сұлтанияевтар отбасы қанжығасына байлады. Байқаудың облыстық кезеңіне Сұлтанияевтар және Қабдуловтар отбасы жолдама алды.
Шарада С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әндерін орындады. Жеңімпаз атанған мемлекеттік қызмет саласының ардагері Рифхат Сұлтанияев байқаудың маңыздылығына тоқталып, жүрекжарды лебізін білдірді.
Айнагүл Шакупова