Биыл бірінші рет кәсіби мереке ретінде тойланғалы отырған 24 қазан – Кітапханашылар күніне орай С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Кәсібін тапқан кітапты сүйіп, танымы терең, өресі биік» атты салтанатты жиын өтті.
Алғашқы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты аудан кітапханашыларын төл мерекелерімен құттықтап, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына арналған естелік төсбелгімен бір топ сала қызметкерлерін марапаттады. «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен аудандық орталық кітапхана жүйесі директорының орынбасары Гүлден Хамзина, аудандық орталық кітапхана жүйесінің оқырмандар қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова, Мақаш ауылдық кітапханасының меңгерушісі Ұлболсын Сәбитова, Ақкөл ауылдық кітапханасының меңгерушісі Гүлбану Гайсина, Бірлік ауылдық кітапханасының меңгерушісі Майра Құрманғалиева ұлығыланды. «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филлиалының Құрмет грамотасы, аудан әкімінің алғыс хаты бір топ кітапханашылар мен сала арадагерлеріне ұсынылды. Аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, алғыс хатын табыстады.
Кітапханашылар күніне орай ұйымдастырылған «Үздік инсталяциялық көрме-2022»шығармашылық байқауының қорытындысымен жүлделі ІІІ орынмен аудандық балалар кітапханасы, ІІ орынмен Еңбекші, Ақкөл, Нұржау, Приморье ауылдық кітапханалары, І орынмен Балқұдық ауылдық кітапханасы марапатталды. Байқаудың Бас жүлдесін аудандық орталық кітапхана ұжымы қанжығасына байлады. Кітапхана саласының ардагері Мүлкарима Мұхтарова ақжарма тілегін білдіріп, зал толы көрермен С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады.
Айнагүл Шакупова