Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен республикалық «Кітап Тайм-2022» фестивалі ауданымызда жалғасын тапты.
С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі алдындағы алаңда өткен фестивальға аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жалғасбай Шамбозов Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев бастаған ақын-жазушылар, журнлистер, мектеп оқушылары, қоғамдық ұйым төрағалары, ұстаздар, ардагерлер қатысты.
Шараны аудандық орталық кітапхананың әдіскері Ақмоншақ Төреханова жүргізіп, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жалғасбай Шамбозов құттықтау сөз сөйлеп, сәттілік тіледі. Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Өмірзақ Қажымғалиев: – Адамдар үшін кітаптың маңызы зор. Алла Тағала адамдар ақылынан ажыраспасын, санасы тұманданбасын деп төрт кітап түсірген. Олар – Таурат, Забур, Інжіл, Құран. Соңғы түсірілген Құран – мұсылмандар қасиетіне шек келтірмейтін құрметке ие, даналық жол сілтейтін кітап. Кітаптың саны көп болғанымен Құрандай бола алмайды. Әр кітаптың ішінде ақыл қосатын, сананы ашатын бір түйіні бар. Ондағы оқиғаларды қуалай отырып кейіпкерлердің айтқан сөзінен нәр алуға болады. Яғни, кітап оқу даналыққа бастар жол. Дана боламын деген кісі оны көп оқуы керек. Енді кітаптың тарихына көз жүгіртсек, бастапқыда бұзау терісінен илеген, қағаздай жұп-жұқа пергаментке жазылған. Жазуы кетпей мәңгілікке қалады. Сол сияқты Орхон-Енисей тас жазбалары да бар. Бүгінде кітап қағазға шығарылады. Сақтасаң сақталады, сақтамасаң жоғалады. Оны қастерлеу керек. Қазір электронды жүйесі де шығып жатыр, - деп кітаптың тағылым-тәрбиеге тұнып тұрған құнды дүние екенін жеткізіп, жастарды одан алыс болмауға шақырды.
Фестиваль барысында арнайы шақырылған қонақтар, ардагер ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нұрлығайын Нұғыманов , Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, жас ақындар атынан Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі Еркеназ Қалижан сөйлеп, ізгі тілегін жолдады.
Шараның «Поэзия-пати», «Автограф-тайм», «Әр қазаққа – бір кітап» бөлімдерінде ақын-жазушылар Өмірзақ Қажымғалиев, Нұрлығайын Нұғыманов, Есмұхан Жанизин, Қанат Ғұмаров, Рахмет Ниетқалиев, Жұмақай Ғұмаров, Еркеназ Қалижан, Ақтілек Абайқызы өлеңдер оқып, қолтаңба жазылған кітаптарын оқырманға табыс етті. Сәбит Мұқанов орта мектебінің «Шебер қолдар» көрмесі де тұрғындар назарын өзіне аударды. Мұнда оқушылар қолынан шыққан түрлі бұйымдар көздің жауын алып, жауқазандай желкілдеп өсіп келе жатырған жастарымыздың өнерден кенде еместігін байқатты. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің алдына өткен кітап көрмесінде соңғы шыққан әдебиеттер мен қатар жергілікті қаламгерлердің де туындылары қойылыпты. Жастар қызығушылық танытып жатқанын көрдік. Балалар кітапханасы Қуыршақ театрының атты қойылымы да сәтті шықты. Оны балалар мен қатар үлкендер де тамашалады. Одан әрі шара «Мақал айтып, жұмбақ шешіп, жаңылтпаштан жаңылма», «Викториналық сұрақ-жауап: сіз білесіз бе?» бөлімдеріне ұласты. Соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Анар Мусина фестивалді қорытындылап, үздік оқырмандарға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.
Қанат ҒҰМАРОВ