Құрманғазыда келіндер сайысы өтті

(0 Votes)

Қазақ әуелден «келіні жақсының керегесі алтын» деп босағадан аттаған жас жанның тәрбиесі мен көрген-түйгеніне мән берген. Ғасырлардан келе жатқан осы үрдіс бүгінде өз маңыздылығын жойған жоқ.

Оған С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен «Аяулы келін» атты келіндер сайысы тағы бір рет дәлел болды. Мақсаты – ұлттық салт дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттау, отбасында келіннің орнын ұғындыру, келінге, анаға деген сыйластықты ояту. Байқауда 7 келін сынға түсті. Көрермендер әлеуметтік желі арқылы онлайн көрсетілімді тамашалады.

kelinder-sajysy

Жүргізуші Рүстем Тоқаев сайыстың бес бөлімнен тұратынын қаперге беріп, оның негізгі шарттарымен таныстырды. Қай кезде де қазақтың келіндері өздерінің ибалылығымен, инабаттылығымен үлкенге де, кішіге де үлгі бола білген. Алдымен өздерін таныстырған қатысушылар, кейін өнерлерін ортаға салды. Онда бірі ән айтса, келесісі ісмерлік пен қолөнер шеберліктері бойынша бақтарын сынады. Салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға да жауап беріп, театр әртістерінің дайындаған жағдаяттарынан тапқырлық танытып шыға білді. Соңғы «Пысық келін» кезеңінде бес минут ішінде қамырды илеп, еттің нанын жаю тапсырмасы берілді. Қазылар алқасының төрайымы, ардагер-ұстаз Балғаным Хасенова сайыс барысында үміткерлер тарапынан кеткен кемшіліктерді жасырмай ортаға салып, олардың өзгелерді тәнті еткен жақсы жақтарын да атап өтті. Сонымен, бас жүлдені нұржаулық Айгүл Темірболатова қанжығасына байласа, І орын жаңаталаптық Әйгерім Биғалиеваға тиесілі болды. Қалған ІІ және ІІІ орындардан сафондық Арай Ерғалиева, еңбекшілік Нұржан Сейтжапарова және мақаштық Құрбанай Хожаниязова, ақкөлдік Маржанай Битаева, бірліктік Альфия Өмірзақова көрінді. Қазылар алқасының мүшесі, ардагер-ұстаз Жәннат Құрманғалиева барша қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтарды табыстады.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521