Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді деген сөздің парқын көрсетіп, отбасы қамымен қатар әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер аудандық форумда бас қосты.
Мақсаты: Әйелдердің қоғамдық ортадағы рөлін арттыру, бүгінгі қыз ертеңгі ананы тәрбиелеу. «Әйел отбасы мен қоғамда» атты форумды жүргізген аудан өнерпазы Рүстем Тоқаев сахна төріне спикерлерді шақырды. Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары, аудандық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Гүлнар Хасанова отбасының, әйелдер мен балалардың жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар, жұмыспен қамту, әйелдерді қоғамдық және кәсіпкерлік қызметке барынша тарту, отбасылық құндылықтарды нығайту және балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталып, аудан бойынша статистикалық мәліметтерден хабардар етті.
Атырау облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмек көрсету бөлімшесінің маманы Ақзияш Дүйсенғалиева ашылғалы бері атқарып жатқан жұмыстарынан хабардар етіп, оңалту және профилактикалық шаралары жөнінде айтып өтті. Одан әрі мемлекеттік қызметтің ардагері Зерек Сағпазова «Жаңа Қазақстан жағдайындағы әйелдердің тұлға ретінде қалыптасуы», Жаңаталап ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Алтын Каменова «Ұлттық құндылықтарды насихаттау мен отбасы дәстүрлерін сақтаудағы ананың рөлі», аудандық орталық ауруханасының психологы Айдана Қадырбаева «Дені сау ұрпақ- маңызды құндылық» тақырыптарында кең көлемде баяндамаларын ұсынып, нәзік жандылардың әлеуметтік, экономикалық әлеуеті, отбасындағы ананың рөлі, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігі, қоғамдағы белсенділігі туралы жан-жақты сөз қозғады. Форумның келесі бөлімінде марапаттау шарасына кезек берілді.
Аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова Халық қахарманы, жерлесіміз Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуға арналған естелік төсбелгісімен түрлі сала ардагерлерін ұлығыласа, аудандық әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның алғыс хатын өз саласында абыройлы еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге табыстады. Атырау қалалық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмек көрсету бөлімшесінің маманы Ағзияш Дүйсенгалиева да бір топ белсенді әйелдерге түрлі марапаттар ұсынды.
Форум барысында аудан өнерпаздары Гүлзада Жұмалиева, Толыбай Қажыгереев, Ерасыл Самиғуллаев әсем әндерін орындады. Бұдан кейін қатысушыларға кофе-брейк ұйымдастырылып, аудандық орталықтандырылған кітапханада тренинг жалғасын тапты.
Айнагүл Шакупова