Құрманғазыда infokazakhstan.kz порталына тіркелген 171 кәсіпкерге келісім берілді

(0 Votes)

Халқымыз «Ауру айтып келмейді» дейді.

Әлемді әбігерге салған пандемия салдарынан қаншама адам індеттің ілмегіне ілікті. Қазіргі таңда ауру саны азайып, қалыпты жағдайға келдік дегенімізбен де, коронавирус індеті әлемде жойылмай тұрған уақытта босаңсуымызға болмайды.

Атырау облысы аумағында шектеу шаралары 31 тамызға дейін ұзартылды. Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қанат Ғайнеденов қол қойған арнайы қаулыда айтылған.

«Атырау облысының аумағында 2020 жылғы 17 тамыз сағат 00.00-ден 31 тамыз сағат 00.00-ге дейін шектеу шаралары ұзартылсын. Бес жасқа дейінгі балаларды, қоғамдық тамақтану орындарында тамақтану жағдайларын, жеке және 5 адамнан аспайтын топтық спортпен айналысатын адамдарды қоспағанда, әлеуметтік қашықтықты міндетті түрде сақтай отырып, қоғамдық орындарда, қоғамдық транспортта, халыққа қызмет көрсету және демалуға арналған ғимараттарда, ашық ауада медициналық немесе мата бетперделерін кию міндетті» деп басталады құжат мәтіні.

Елдегі шектеу шараларынан кейін 17 тамыздан бастап көптеген кәсіпкерлік нысандар жұмысының жандануына мүмкіндік берілді. Көпшілік болып әлі де сақтық шараларын, гигиеналық тазалықты ұстануымыз қажет. Көшеде жүргенде бетперде кию, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, антисептикті пайдалану, үйге келгенде қолды әбден тазалауды күнделікті әдетке айналдырып, міндетті талабымыз болып қала беретінін естен шығармаған жөн.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмыстарын қайта жандандыру infokazakhstan.kz порталында тіркелген соң кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Жандыбаев аудан әкімінің өкімімен өңірімізде infokazakhstan.kz электрондық платформасына кәсіпкерлік субъектілерден келіп түскен өтінімдер бойынша санитарлық талапқа сәйкестігін қарау мақсатында аудандық комиссия құрылғанын қаперледі. Құрманғазы ауданында бұл порталға 171 адам өтініш беріп, олардық барлығына өз жұмыстарын жандандыруға келісім берілген. Санитарлық-эпидемиологиялық ережелермен танысқан соң кәсіпкерлер санитарлық нормаларға сай акт алуда. Мұнда кәсіпкерлер нысанның толық жұмыс жасауы жөніндегі талапты орындаулары тиіс. Ал, вирустың таралу қаупі жоғары қалған субъектілер жұмыс комиссиясының тексеруінен өтетін болады. Олар – сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері, сауда алаңы 2000 шаршы метрден астам азық-түлік емес дүкендер, сонымен қатар қызметкерлері арасында КВИ ауруының көрсеткіші жоғары нысандар.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT