Наурыздың 4-інен 5-іне қараған түнде қатты жел мен қар аралас жаңбырдың салдарынан электр энергиясы желілерінің 400-дің үстінде бағандары құлағанын бұған дейін айтқан болатынбыз. Соның салдарынан 10890 абонент электр жарығынсыз қалды. Қазір қалпына келтіру жұмыстарына «Атырау-Жарық» мекемесінің 11 бригадасы (56 адам, 20 техника) жұмылдырылып отыр.
Кеше түнгі 3-те Бірлік ауылдық округіне жарық берілді. Бүгін Көптоғайда электр энергиясын қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатыр. Мұнда округке қарасты Балықшы ауылы да жарықсыз қалған болатын. Қазір округ көлемінде 4 техникасы бар 2 бригада бұл жұмыспен айналысуда. Салыстырмалы түрде айтсақ, жұмыста қарқын бар. Алайда, құлаған соқалардың көптігінен электр желілерін қайта қосуға біраз уақыт жұмсалуда. Мысалы, түске дейін 11 шағын елді мекен Көкарна, Қаракөл, Құмарғали, Шайхы, Каспий, Жамбыл, Ғ.Әліпов, Жасталап, Күйген, Шағырлы, Жасарал, жоғарыда аталған Балықшы ауылдары соқалардың құлауы салдарынан электр энергиясын тұтына алмай отырғаны анықталды. Бұл ауылдардағы құлаған соқалардың барлығы «Атырау-Жарық» АҚ-ның меншігінде. Орын алған жағдайды қалпына келтіру үшін аталған мекеменің 9 бригадасы жұмылдырылған. Соның ішінен 7 бригада (43 адам, 16 техника) шағын елді мекендерге бөлінген. Бүгін олардың кейбірінде жөндеу жұмыстары аяқталып, жарық беріледі. Біз округ әкімдерімен байланысып, жағдайды анықтадық.
Жаңаталап ауылдық округінде «Атырау-Жарық» мекемесінің бригадасы таңертеңгі 9-дан бастап жұмыс жасауда. Мұндағы Шағырлы, Жасарал, Күйген, елді мекендері мен Алмабақ, Племстанса, Ақтөбе шағын ауылдарында 25-ке жуық электр бағаналары құлаған екен. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген округ әкімі Олжас Тәжібаев жөндеу ертең аяқталады деп күтілуде екенін жеткізді. Хиуаз ауылының өзінде жарық бар, бірақ, электр энергиясы желілеріне зақым келгендіктен су беру мүмкін болмай отыр.
Дыңғызыл ауылдық округінің әкімі Оралбай Әзімовқа хабарласқанымызда дәл қазір Ғизат Әліпов ауылында бір бригада жұмыс жасап жатқанын айтты. Үлгерсе ауылдың орталығына бүгін жарық беріледі. Бірақ, айналадағы үйлерге бүгін жетпеуі мүмкін. Құлап жатқан соқалар көп.
Шортанбай ауылдық округінде 15 соқа құлаған. Олар ауыстырылды, қазір округ орталығында жарық бар. Жасталап ауылында құрамында 7 адамы, бір жер оятын техникасы, 1 соқалар тиеген «Камаз» автокөлігі бар «Атырау-Жарық» АҚ-ның бригадасы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жөнінде округ әкімі Мейіржан Ғұмаров мәлім етті.
Мақаш ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қадыров бізбен әңгімесінде бүгін бұл округтегі үш елді мекенде электр желілері түгелдей қалпына келтірілгенін жеткізді. Теңіз ауылдық округінің Құмарғали ауылына жарық берілді, Шайхы елді мекені әлі электр энергиясына қосылған жоқ.
Қазір жоғарыда аталған бригадалар үзіліссіз жұмыс жасап, жағдайды қалпына келтіруге күш салуда,
Құрманғазы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.