Құрманғазыда COVID-19 жұқтырғандар 56 адамға жетті

(0 Votes)

Қауіпті індеттің торлаған бұлты өмірімізден әлі де толық сейіле қойған жоқ.

Біз болсақ тағы да босаңси бастадық. Дүкендерде,базарларда ара қашықтықты сақтау, көп адам жинамау, бетпердемен жүру, тауарды резина қолғаппен ұстау, антисептиктерді қолдану сияқты сақтықтық шараларын бір шетке ысырып тастадық.

Жасырын шағын той-томалақтар, туған күндер, қаделер, мектеп бітіргенге түрліше жыл толу кештерін өткізуге көштік. Соның салдарынан елімізде коронавирусқа шалдыққандар саны күні бүгін 14 мыңға жетті.
Ауданымыз бойынша 56 адам. Оның ішінде 6 бала да бар. Төтенше жағдай жариялап, үйден шықпауды талап еткенде мұндай болмап еді. Вирус бізді айналып өтіп бара жатырғандай сезілген. Бірақ, біраз қиындық көрдік.

«Базарлар, халыққа қызмет көрсету орындары қашан ашылады», деп армандап жүрдік. Енді карантиннен шығып едік соның бәрін ұмыттық. Бұлай жалғаса берсе қауіпті дертке шалдығу көрсеткіші өседі.
Себебі бұл індет тез таралады. ​Жаз айында бұл жұқпа жоғалады деген жалған түсінікке сенбеңіздер. Ол рас болса мәңгілік жасыл құрылық Африкада коронавирус таралмас еді ғой. Бізде де жаз кезінде өршіп барады. Сондықтан өзімізге жақын адамдардың өмірі мен денсаулығын ойдан шығармағанымыз дұрыс.

Біріншіден коронавирус адамның бәрінде жеңіл өте бермейді. Денсаулығыңызды ойлаңыз. Адамдар одан өліп те жатыр. Әлеуметтік желіде індетке қалай болса солай қарап жұқтырып алып, жазылып шыққандар не деп жатқанын оқыңыздар. Олар сіздерді өздері жіберген қателікті, көрген қиындықты қайталамауға шақырады.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» жөн. Екіншіден үйді ұстап отырған әйел-ана немесе отбасын асырап жүрген азамат ауру жұқтырса амал жоқ олар 14 күнге оқшауланады. Сонда сіздің үйіңізге, шаруашылығыңызға кім қарайды?
Күн болса күйіп тұр. Үшіншіден індет өршісе тағы да төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Қай мемлекет болмасын оның басты байлығы адам, сол себепті оған азаматтарының өмірі мен денсаулығы қымбат. ​Сөз соңында айтарым, сақтық шараларына салғырт қарамайық.
Бетпердемен жүру, адамдар көп жиналған жерде арақашықтықты сақтау аса қиын нәрсе емес.

«Сақтансаң сақтармын», деген сөз текке айтылмаған. Өмірімізге қауіп төндірмеу өз қолымызда!

Қанат ҒҰМАРОВ ​

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT