«Ексең егін, жейсің тегін», демей ме?! Кезінде егін өнімдері сонау Мәскеуге дейін жөнелтілген ауданымызда, бүгінде бейнеті көп бұл шаруамен айналысамын деп бел буатындар кемде-кем.
Саланың соңына шырақ алып түссең, бірлі-жарым адамды табасың. Көбі күтімінен, қиындығынан қашады. Өзен-көлдеріміздің жылдан-жылға кеуіп бара жатырғанын қалқан етіп ұстап, су тапшылығын алдыңа көлденең тартады. Ал, 22 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысып келе жатырған Жаңаталап ауылдық округінің тұрғыны, «Әділет» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Уазих Дәулетов ағамыз үшін бұл үйреншікті шаруа. «Жер-ананың төсін емген далада қалмайды», деп, жылда осы кәсібімен ырыздығын айырады. Жақында зейнеткерлік жасқа шықса да, жер астынан бүр жарып, бой көтеріп, кішкене сәбидей өзін әлпештегенді, күткенді қалайтын көкөністері төсін жапқан егіс алқабынан ұзап кете алмаған. Себебі, мұнда қамқорлығы да, тәжірибесі де ауадай қажет. Биыл да 8 гектарға егін салыпты. Оның 4 гектары қарбыз, 3 гектары қауын, қалғаны басқа да көкөністер. Тер төгіп жинаған өнімін аудан тұрғындарына ұсынып, ел ризашылығына бөленуде. Ауданымыздың Жаңаталап, Еңбекші, Құраманғазы ауылдық округтеріндегі 10 дүкенді және бір көтерме сауда орынын өз өнімдерімен қамтуда.
– Биыл шығымы жаман емес. Қарбызымыз кішкенелеу болғанымен дәмі жақсы. Қауын мен қияр өз деңгейінде жеміс беріп тұр. Барлық шаруаны жанұямызбен ақтарамыз. Сонымен қатар, 2 адамды маусымдық жұмысқа алдық. Алпыс мың жалақысын, егіннен алатын үлесін қоссақ 150 мыңдай еңбекақы төлейміз. Студенттерден екі адам бар уақытша жүрген. Тамшылатып суарамыз. Суды Шароннан аламыз, бірақ өте лас, лай. Барлық қоқыс бетіне шығып, бұрынғы Жайықтың суындай болып тұр.Тұнық жерлері көктеп кетіп жатыр. Өніміміздің өтуі жақсы, сұраныс бар. Аудан орталығына «Газель» көлігімен де келіп сатып жүрміз. Қарбызды 150, қауынды 350-400, қиярды 150 теңгемен сатудамыз. Тамыздың 15-інен кейін өнім көбейгенде бағасын түсіреміз. Биыл ауа райы жауын-шашынды болған соң жылдағыдан жақсы, жұмсаған шығынымызды, алған несиемізді жабамыз деген ойдамыз, - дейді Уазих ағамыз.
Шаруагердің айтуынша ісі алға басуына жұбайының, Амангелді Дәулетов, Ырысбек Уазихов, Нұрлыбек Құлжанов, Қуаныш сынды көмекшілерінің, Ақкүн Ұзағалиева, Рита Нұржанова сынды сатушыларының көп пайдасы тиюде. Жыл сайын келісімшарт негізінде студенттерін осында тағылымдамадан (практика) өткізетін Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің директоры Болатбек Өтегенов техникаларымен жер жыртып беруге көмектескен. «Көл тамшыдан құралады», дегендей, Уазих Дәулетов ағамыз алға қарай да ел ырызығын арттыруға қолдан келгенше жұмыстана береміз деген ниетте. Сол ниеті қабыл болып, ырыс-берекесі арта берсін дейміз.
Қанат ҒҰМАРОВ