Құрманғазыда баға тұрақтылығы үнемі бақылауда

(0 Votes)

Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, сапалы азық-түлік қорын жасақтау бағытында мал басы мен егістік жер көлеміне сәйкес өндірілетін өнімдер көлемі шығарылып, қажеттілікті қамтамасыз ету мөлшері анықталып, тиісті жұмыстар жасалуда.

Өзге де қажетті өнімдер шектес Ресей Федерациясының көрші аудандарынан жеткізілуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын өсірмеу жөнінде 2020 жылдың 16 наурыз №123 өкімімен аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылды. Оның мүшелері дүкен мен базарлардағы азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстап, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрлеріне мониторинг жүргізіп, облыстық басқармаларға жолдап отырады.

2020 жылдың 3 сәуіріндегі ҚР Сауда және интеграция министрлігінің №63-НҚ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің №113 және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің №23 «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағаларын енгізу туралы» бірлескен бұйрықтарына сәйкес, шекті баға енгізілді. Бірінші сортты бидай ұнының кг-162 тг, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді) кг-164 тг, рожки (өлшеніп салынатын) кг-216 тг, қарақұмық жармасы кг-300 тг, тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын) кг-275 тг, сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі) кг-1805 тг, күнбағыс майы кг-443 тг, тауық жұмыртқасы (I санатты) ондық-265 тг, ас тұзы кг-46 тг болып белгіленді.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өңіріміздегі табиғат пайдаланушыларға аулаған балықтарын әр аптаның үш күнінде халыққа қол жетімді бағамен сату ісі жүктелді.

Нәтижесінде, «Каспий балық» ӨК 4226 кг, «Амангелді» ӨК 5144 кг, «Каспий таңы» ӨК 1700 кг, «Тілекші» және «Ш.Сүлейменов» ЖШС 4010 кг, барлығы 15080 кг жаңа ауланған балықты аудан орталығына әкеліп, арзан бағада халыққа сатты. Бұдан басқа Еңбекші, Мақаш, Орлы, Ақкөл, Нұржау, Жаңаталап ауылдық округтеріндегі тұрмыс деңгейі төмен, көпбалалы отбасыларға «Каспий балық» ӨК 2044 кг және «Е.Сәрсенбаев» ШҚ 900 кг жаңа ауланған сазан балығын Құрманғазы ауылдық округінің халқына көмек ретінде тегін таратты.

Сонымен қатар облыстық мәслихаттың депутаттары Оразғали Каршегенов пен Сабыржан Сұлтанов Асан ауылдық округіндегі көмекке мұқтаж 10, Сүйіндік ауылдық округіндегі 20 және Азғыр ауылдық округіндегі 20 отбасыға 3 тоннаға жуық азық-түлік өнімдерін және «Амангелді» ЖШС 3 тонна сазан балығын тегін сыйға тартты.

«Құрманғазы» АӨК 20-21 мамыр күндері 3 тонна ет өнімдерін халыққа қол жетімді бағада сатты, онда жылқы еті 1750, сиыр еті 1650, түйе еті 1400 теңгеден болды. Облыстан ауданға «Сүйіндік» ЖШС-ның басшысы В.Розметов 7 тонна картоп, 1 тонна пияз, 1 тонна қызылша және қырыққабат өнімдерін жіберіп, келісін 70 теңгеден берді.

Округтерді аралап, кәсіпкерлерге азық-түлік бағасын Үкімет тарапынан бекітілген шекті бағадан асырмау жөнінде штаб мүшелері тарапынан жүргізілетін қадағалау мен түсінік жұмыстары тоқтатылмақ емес.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521