Құрманғазыда азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі қаралды

(0 Votes)

Бас қатырар бұл сұраққа «Аманат» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысына қатысушылар жауап іздеді. Комиссия отырысын оның төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Біржан Кенжебаев жүргізді. Күн тәртібінде бір ғана мәселе – азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылған жұмыстардың барысы талқыланды. Алайда, бұл жұмыстардың еш нәтижеге жеткізбей отырғаны қатысушылар назарынан тыс қалмады. Табаннан тозып босқа жүрмей бір нәтижеге жету үшін не істеу керек? Бағаның өсе беретіні несі?

Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах:

– Әрбір облыс шектік бағаны өзі белгілейді. Мысалы, тоқсан сайын облыс әкімінің оған қатысты қаулысы шығады. Үшінші тоқсанға бекітілген қаулы әлі келген жоқ. Біздерде аудан әкімінің өкімімен құрылған бағаны бақылау жөніндегі штаб бар. Оның құрамына партияның, бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдері, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мамандары, депутаттар енген. Солармен бірге аптасына 1-2 рет сауда нүктелерін аралап, негізінен Құрлысшылар ауылындағы «Нұрболат», «Қиғаш», «Серпер» базарында жеке кәсіпкер Самат Айдарәлиевтің, Ақылбек Қайсағалиевтің дүкендеріндегі бағаны қараймыз. Себебі, көбіне осы көтерме сауда орындарынан өзге кәсіпкерлер алып, үстіне 10-15 теңге қосып сатады. Үкіметтің қаулысында аталған 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% қосуға ғана рұқсат етілген. Одан асса айыппұл салынады. Тексергенде біз кәсіпкерге осы мәселені және заттың бағасын көрсетіп қоюды ғана айтамыз. «Сен секерді неге мынадай бағамен сатасың? Тауарды қандай бағамен алған құжаттарыңды көрсет!», деп талап ете алмаймыз. Бірақ, ертең, монополияға қарсы агенттік тексеріп қалса, аталған 15 пайыздан асырса 1 млн.500 мың теңгеге  дейін айыппұл төлейтіндерін олар білгені дұрыс. Облыс әкімдігі секерді келісін 335 теңге деп белгілеп отыр, бірақ 495 теңгемен беруде. Бізде оның үстіне қосады. Округ әкімдері де бағаны қарағанда  түсіндіру жұмыстарын жүргізумен шектеледі. Олар бізге апта сайын баға жайлы, азық-түлік қоры туралы мәліметтер жібереді. Соған қарап орташа бағаны шығарамыз, - деді.

d906e694-13c8-40a9-a080-6e631a43fe49

Қатысушылар тарапынан шектік баға мен нарық сәйкес келмей жататыны айтылды. Мысалы, пияздың шектік бағасы 97 теңге деп белгіленгенімін, оны облыс орталығындағы көтерме сауда орындарының өзінен  150-170 теңгемен аласың. Комиссия мүшелері БІржан Кенжебаев, Есболат Құбашев, Сағидолла Кулов, Өмірболат Есенғазиев, аудандық прокуратураның прокуроры Жұмат Тасқалиев  бағаға қатысты өз пікірлерін ортаға салды.

Жеке кәсіпкер Самат Айдарәлиев:

– Біз тауарға 20-30 теңгеден артық қосып отырған жоқпыз. Оны Атыраудан әкелу де оңайға түспеуде. Жол жаман болғандықтан көліктердің дөңгелегі жиі жарылады. 20 тоннадан кем тауарға баруға  «Камаз» автокөліктері келіспейді. Олардың бір барып келуінің өзіне 200-300 мың теңге төлейміз. Бұған қоса әкелінген азық-түліктердің арасында пайдасыз болып кеткендері, салмағын шығармайтындары да бар. Соған қарамастан бағаны  көп көтермеуге тырысудамыз. АҚШ доллары мен Ресей рублінің құны өзгеруі де бағаға керісінше әсер етеді. Алатын жерлерімізде бірқалыпты тұрмайды, - деді.

Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах кәсіпкердің сөзіне қолдау білдіріп, жеке кәсіпкер Ақылбек Қайсағалиев 5 тонна қант әкелгенде оған қосымша құн салығын, жеткізетін көлікке, қаладан тиейтін адамдарға да ақша төлейтінін, егер үстіне қоспаса шығынын ақтамайтынын айтқанын жеткізді. Аудандық прокуратураның прокуроры Жұмат Тасқалиев ертең шара алғанда кәсіпкер білмей қалдым демесі үшін әрбір рейд міндетті түрде тіркеліп, хаттамаға оған қатысушылар мен дүкен иелерінің қолдары қойылып отыруы керектігін, егер артық баға қосқандар анықталса өзгелерге сабақ болуы үшін әлеуметтік желі мен газетте жарық көріп отыруы қажеттігін ескертті. Комиссия мүшесі Есболат Құбашев Ресейде көліккеқұятын май мен қосалқы бөлшектер қымбаттап кеткенін, сонымен қатар, кеше рубль тағы өскендіктен, келетін тауарлар 20-30 теңгеге өсіп кетуі мүмкін екенін топшылап отырғанын қаперге берді.

Комиссия төрағасы Біржан Ахонұлы қорытынды сөзінде:

– 19 түрлі азық-түліктің бағасын тексеру сол күні әлеуметтік желіде жарияланып, 2 аптада 1 рет газетке беріліп тұруы тиіс. Бағаны себепсіз көтергендер болса, бірінші рет ескертіп, екіншіде хаттаманы  прокуратура мен салық орындарына жолдауымыз керек. Бірақ, негізінен түсінік жұмыстарына көңіл бөлейік, - деді.

 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT