Аудан әкімі жанынан құрылған төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын өсірмеу жөніндегі штаб орталықтағы базарларда, көтерме сауда орындарында рейдтік шара ұйымдастырды.
Базар басшыларымен, дүкен иелерімен, сондай-ақ тұтынушылармен кездесіп, тауар бағасын орынсыз көтермеуі, ондайға жол бергендерге тиісті шара алынатындығы ескертіліп, залалсыздандыру шараларын қатаң сақтауды түсіндірді. Тексеріс барысында сауда жасаушы адамдардың көп болғанымен күнделік қажетті тауардың, азық-түліктің жеткіліктілігі анықталды. Төтенше жағдайдың бірінші күнінде қант, ұн, күріш, өсімдік майына сұраныс өте көп болып, бірқатар дүкендерде баға шарықтап кеткені айтылған еді. Алайда, келесі күні ондай жағдайлар байқалған жоқ, дүкен иелері босату құнына негізделіп тауар бағасын қойып отырғанына сендірді.
Штаб мүшесі, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Руслан Сәуменов қазіргі жағдайға байланысты еш дүрбелең туғызудың қажеті жоқтығын, осындай сәтті пайдаланып баға көтерудің жолы кесілетінін, қажетті азық-түлік тауар қорының облыс көлемінде барын жеткізді. – Дабыл қағудың еш орны жоқ, бүгіннен бастап екі жақты келісім негізінде Астраханмен арадағы шекара жүк тасымалына ашылды, тек көлік жүргізушісіне ғана төлқұжатпен жүруіне рұқсат алынды. Бірнеше кәсіпкер бірігіп, бұрынғы байланыстары негізінде тауарлар алдыртуларына болады. Сондай-ақ, атыралық белгілі кәсіпкер В.Розметов ауданға әр келісін 70 теңгеден 8 тонна картоп, 8 тонна пияз, 2 тонна қызылша жібергелі отыр. Мұнан басқа, 20 наурыздан бастап аптаның сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері балық аулаушы ұжымдар аудан орталығындағы мәдениет үйінің қарсы бетіндегі орынға қолжетімді бағаға жаңа ауланған балық әкеліп сатуды ұйымдастырады.
Штаб мүшесі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Ұлыбек Өтегенов жағдайды ескеріп ҚР Үкіметі тоқсан күндік «несиелік каникул» жариялағанын, ол бойынша несиесін кесте бойынша төлей алмағандарға үш ай бойына өсімпұл немесе айыппұлдар салынбайтынын ескертті. Сонымен қатар, мұндай рейдттер күнбе-күн ұйымдастырылатын, баға өсіру фактісі орын алса бейнетаспаға түсіріп, аудандық штабқа шағымдануға болатынын назарға берді.
А.НӘЖІМОВ