Құрманғазыда қажетті дәрілер уақытымен жеткізіліп отыр

(0 Votes)

Соңғы кезде әлемді әуреге салған тәжівирус аудан тұрғындарының арасында дәрі-дәрмектерге деген сұранысты арттырды.

Сол себепті дәріханалар кейбір дәрілердің тапшылығын болдырмау мақсатында оларды белгілі бір мөлшермен босатуға мәжбүр. Халық болса бұрынғыша молдау алғанды қалайды. Қажетті дәрілермен қамтылудың бүгінгі ахуалын, бағасын зерделемекке аудан әкімдігі жанындағы аудандық объектілердің қызметтерін қайта бастауға дайындығын бағалауды жүргізу арқылы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мониторингтік топ мүшелері аудан орталығындағы дәріханаларды аралады.

Алдымен «Бекназар» дәріханасына келдік. Мұнда адамдар сыртта кезекте тұр. Ішке бір-екі адамнан ғана кіргізуде. Сол себепті топ мүшелері ішке еніп кезекте тұрғандардың уақытын алмай дәріхана басшылығымен сөйлескенді жөн санады.

Дәріхана алдында кездескен ауыл тұрғыны Қуанышқали Қаратаев бізбен әңгімесінде: – «Азитромицин», деген антибиотик жетіспей жатыр. Соны және басқа да дәрілерді көбірек әкелсе екен. Дәріханалардан таба алмай жүрміз. Әкелгендері тез таусылады. Далада, күн астында кезекте тұрғаннан кейін халықтың бәрі өзіне қажетті дәріні алғанды қалайды. Бағасына келсек, қымбатсыған жоқ. Жаңа цефазолин алдық, құны бұрынғыша, 250 теңге, - дейді.

img_2286

«Бекназар» дәріханасы иесінің өкілі Есболат Жолжанов: – Дәріхана иесі жұбайым. Біз дәріні Атырау, Ақтөбе қалаларынан әкелеміз. Қаладағы «Сұңқар», «Аманат» сияқты 4-5 фирмадан аламыз. Негізінен вирусқа қарсы дәрілерге сұраныс жоғары. Халық көбіне түске дейін келеді. Бірақ, соңғы бір-екі күнде азаюда. Азғыр бойынан да адамдар жетеді. Кейде аудан тұрғындары кешке үйге келіп те «ашыңдаршы», дейді. Алыстан келгеннен кейін оларға қажетті дәрісін беріп жібереміз. Бүгінде түскі үзіліссіз жұмыс жасап отырмыз. Себебі олай етпесек кезекке тұрушылар саны көбейеді, елу адамға дейін барады. Таңертең 8.30-да ашып, кешкі 22.00-де жабамыз. Парацетомол атты дәріні бұрын бір адамға төрт данадан босатсақ, енді тек біреуден береміз. Дәл қазір «Ингиварин», «Метрид», «Тамифлю», «Цефозалин» сияқты 1 млн.300 мың теңгенің дәрісі келіп жатыр. Медициналық бетпердені бұрын 120 теңгемен сатсақ, қазір 100 теңгеге түсірдік, - деді.

Одан әрі мониторингтік топ мүшелері Нұрлыбек Төлепов, Зейнетолла Мұхлесов, Азамат Жандыбаев, Әсет Тоқтаров, Ұлыбек Өтегенов және басқалары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Жеке кәсіпкер С.Жаудинаның дәріханасына адамдарды ішке бір-бірден кіргізуде. Сара Жаудина бізбен әңгімесінде дәрі-дәрмектерді көбіне Атырау қаласынан әкелетіндерін жеткізді. Мұнда да негізінен вирусқа қарсы дәрілер көп өтеді екен.

img_2293

– Дәрілер тез таусылып қалады. Мысалы, «Цефазолин» 200 флакон келеді. Атырауда одан артық бермейді. Бұрын бірден 2 мың флаконын алатынбыз. Сол себепті жетпейді. Жиі әкелеміз. Біз бағаны көтерген жоқпыз.  «Аспиринді», «Парацетомолды» бұрынғыша сатып отырмыз. Бір адамға тек 2 данадан береміз, - дейді жеке кәсіпкер.

Аудан орталығындағы тағы бір дәріхана иесі сырқаттанып қалғандықтан жұмыс жасамай жатқандықтан, базардағы екі-үш дәріхана жабық тұрғандықтан топ мүшелері осымен шектелді. Ең бастысы дәрі-дәрмектер уақытымен жеткізіліп отыр және бағасы қолжетімді екенін естідік.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521