Құрманғазыда ауыз су тарифінде өзгеріс жоқ

(0 Votes)

«Атырау облысы Су арнасы» КМК Құрманғазы аудандық филиалы директоры Ерлан Аманжанұлының айтуынша сенімгерлікпен басқару арқылы Құрманғазы, Кадырка, Орлы, Бірлік, Жасталап, Шортанбай, ММС-Жаңауыл ауылдарында орналасқан су тазарту қондырғылары арқылы аталған елді мекендердің тұрғындары мен мекемелерін ауыз сумен қамтамасыз етеді.

Судың берілуіне қарай тариф бағалары әртүрлі. Құрманғазы ауылына 24 сағат беріліп отырған судың тарифі 1 текше метрге 130 теңге 24 тиын. Кадыркада 9 сағат беріледі, осындай мөлшерде 101 теңге 54 тиын төлейді. Басқа округтерге қанша сағаттан берілетіні мен тарифіне келсек Орлыда 17 сағат, 1 текше метрге 89 теңге 38 тиын, Бірлікте 3 сағат, 107 теңге 26 тиын, Жасталапта 24 сағат, 149 теңге 74 тиын, Шортанбайда 3 сағат, 127 теңге 6 тиын, ММС-Жаңауылда 4 сағат, 96 теңге 88 тиын. Жоғарыда көрсетілген тарифтердің төмен болуына байланысты мекеме шығынмен жұмыс жасап отыр.

Енді округ әкімдері берген деректерді сөйлетейік. Аудан бойынша екінші үлкен округ Ақкөлде тұрғын үй саны – 672. Көппәтерлі үйлердің пәтерлерін бөліп есептегенде 1107. Аталмыш округтің әкімі Бисембай Рамазановтың айтуынша ауыз сумен қамту 97 пайызды құрайды. Округ теңгеріміндегі сумен қамту нысандары ЖК «Есенамановаға» сенімгерлік басқаруға табысталған, елді мекеннің барлық көшелеріне толық су желісі жүргізілген. Шарон өзенінен және «Астрахань - Мангышлак» су ағызғысынан, екі жерден алынып екі су тазалау имараттары арқылы тұтынушыға беріледі. Жазғы маусым - қыркүйек айларында ауылдың кейбір көшелеріне су жетіспеушілігі орын алады. Осы кемшілікті жою үшін 2019 жылы су тазалау имараттарына жаңғырту - жөндеу жұмыстары басталған, жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қазір жазғы уақытта ауылдың су жетіспейтін көшелеріне тұрғындардың сұраныстарына қарай су арнайы автокөлікпен (водовозбен) жеткізілуде. ЖК «Есенаманованың» таратушы желілер арқылы суды беруі реттелген, көрсетілетін қызметіне бекітілген тарифтік және тарифтік емес сметалары бар. Тұрғындарға берілетін судың тарифы 1 текше метр - 201 теңге, басқа тұтынушыларға -411,99 теңге көлемінде бекітілген.

Ауыз сумен қамту Мақаш ауылдық округінде 91%-ды құрайды. Алға ауылын сумен қамтып отырған Иманов су тазарту имаратынан құбыр арқылы жеткен су Еңбекші елді мекенінде орналасқан су тазарту имаратынан тазаланып келеді. Су беру күнделікті таңғы сағат 05:00-ден 08:00-ге дейін және кешке 18:00-ден 20:00-ге дейін екі мезгіл жіберіледі. Сенімгерлік басқаруға алушы «П.Қайседенов» шаруа қожалығы. Афанасьев елді мекенінде орналасқан су тазарту имараты суды «Ақкөл-Манғышлақ» су тораптары жүйесінен алады. Су жүру уақыты түске дейін және кешке бір-бір сағаттан беріліп отыр. Сенімгерлік басқаруға алған мекеме жоқ. Округ балансында тұрғандықтан кеткен шығын жергілікті бюджет есебінен жабылуда.

Кейбір округтерде жазда ауыз су жетіспеушілігі орын алады. Бір қызығы қыста қазіргіден аз мөлшерде жіберілсе де оның тапшылығы болмайды. Сумен қамтуға жауапты мекемелер осыны алға тартып, мұның себебі тұрғындардың жағалай насос қойып тастағандығынан дейді. Ал, тарифке келсек, ол қалта қағатындай мөлшерде емес. Ұзақ жылдар бойы көп өзгермей келеді. Ауыз су тапшылығын жою жазғы су құбырын тарту арқылы шешіледі дегенді жиі естиміз. Десек те, бюджетті қысқартып жатырған бүгінгідей жағдайда оған мүмкіндік жоқ екені айдан анық. Әр нүктеге су есептегішін орнатып, сол бойынша төлемақы талап етсе құбыр бойындағы суды сорып алып отырғандар айылын жияды деген ойдамыз. Басқа жолын көріп отырғанымыз жоқ.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT