Құрманғазыда ауылішілік жолдар жақсара түседі

(1 Vote)

«Жол азабын жүрген білер», дегендей бұған дейін ауылішілік жолдар тұрғындар тарапынан жиналыс сайын айтылатын.

Себебі, сапасы сын көтермейтін. Әр жері шұңқыр, жаңбыр жауса тайғақ. Жаңбырлы күні қатты келе жатқанда су толған шұңқырға түсіп кетіп, ернеуіне соққанда рамасы майысып, моторы капотын көтеріп шыққан көлікті де көргенбіз. Шортанбай ауылына баратын жолдың жағдайы мүлдем нашар еді. Ондағы балық зауытына шетелден көліктер келетін. Еліміздің батыс қақпасы атанатын біздің ауданға бұл жараспайтын. Себебі Қазақстан басқа мемлекеттерден келгендер үшін дәл осы арадан басталады ғой. Қазір, бұл жолмен ұялмай жүре аласыз. Жақында ғана осы ауылға барғанымызда салынған жолдың сапасына көңіліміз толды. Әрине, қазіргі қиын жағдайға қарамастан «Елу жылда ел жаңа», дегендей аудан көлемінде біраз жолдар біртіндеп жөнделіп жатыр. «Мәскеу бір күнде тұрғызылған жоқ» деп солтүстіктегі көрші ел айтқандай ең бастысы сөз жүзінде қалмай кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Тапсырыс беруші Құрманғазы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Қазір 7 нысанға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

i

Бұл туралы аталған бөлімнің басшысы Әділбек Әжіғалиев: – Бүгінде бұл бағытта бірқатар жұмыстар тындырылуда. 2018 жылы басталған Сафон ауылына кірме және ауылішілік автомобиль жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту жұмыстары келісім шарт негізінде осы 2020 жылы бітіп, пайдалануға берілетін болады. Аталған нысан бойынша 8,9 шақырым автомобиль жолы қайта жаңғыртудан өткізіліп, 7446,04 шаршы метр тротуар салынады. Мердігер мекеме «БекетСәтЖол» ЖШС.

Екінші нысан 2018 жылы басталған Бірлік ауылына кірме және ауылішілік автомобиль жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту жұмыстары келісім шарт негізінде осы 2020 жылы пайдалануға беріледі. Нысан бойынша 9,8 км автомобиль жолы қайта жаңғыртудан өткізіліп, 5600 шаршы метр тротуар салынғалы отыр. Мұнда да мердігер мекеме «БекетСәтЖол» ЖШС, нысанның жалпы құны 812 759,0 мың теңгені құрайды.

Үшіншісі 2018 жылы басталған Котяевка ауылына кірме және ауылішілік автомобиль жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту жұмыстары, келісімшарт негізінде осы жылы аяқталады. Аталған нысан бойынша 4 шақырым автомобиль жолы қайта жаңғыртудан өткізіліп, 1540 шаршы метр тротуар салынады.

Төртіншісі 2018 жылы басталған Теңіз ауылына кірме және ауылішілік автомобиль жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту жұмыстары, келісімшарт негізінде ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аталған нысан бойынша 8,2 шақырым автомобиль жолы қайта жаңғыртудан өткізіліп, 2652 шаршы метр тротуарымен болады. Екеуінде де мердігер мекеме «Атырау Колик» ЖШС.

Бесінші нысан Ақкөл ауылішілік автомобиль жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту үшін 2019 жылы жергілікті бюджеттен 50 000,0 мың теңге қаржы бөлініп, жол құрылыс жұмыстары басталған еді. Мердігері «БекетСәтЖол» ЖШС мекемесі.

Бүгінгі таңда бұл нысан бойынша жол құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбей отыр. Келісімшарт негізінде аталған нысан осы жылы аяқталуы тиіс.

Алтыншы нысанда, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Нұржау ауылына кірме және ауылішілік автомобиль жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғыртуға биылғы жылдың басында республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме «Атырау Жолдары» ЖШС.

Жетіншісі аудандық маңызы бар «Ақкөл - Ғ.Әліпов - Жыланды - 4разъезд – Қиғаш» автомобиль жолдарын қайта жаңғырту үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға жол құрылыс жұмыстары жасалуда. Аталған нысан бойынша мердігер «Атырау Жолдары» ЖШС. Келісімшарт негізінде бұл нысанның құрылыс мерзімі 2020-2022 жылдарды қамтиды. Осы аралықта 43,2 шақырым асфальт жол салынатын болады.

i

Көріп отырсыздар ауылішілік жолдар кешікпей түзеледі. Қазір індет таралуына байланысты көп жұмыстар жасалып жатқанымен мерзімінен кешігуде. Бірақ, белгіленген мерзімде аяқталады деген үкілі үмітіміз үзілмейді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT