Кеңес Одағы тарар алдында Құрманғазы ауылында ауылішілік маршрут шығарылған болатын.
Ол РТС пен ПМК ауылы аралығына қатынады. Яғни, бұл Құрманғазы ауылының екі жақ шеті. Шыны керек, сол кезде өзімізді шағын қаланың тұрғындарындай сезінгенбіз. Бұрынғыдай жаяу жүрмейсің. Үйден шығасың да қоғамдық көлікке, автобусқа отырасың. Бағасы да қымбат емес. Әрі қатынасқа ыңғайлы. Аялдамада көп кідірмейсің. Сары «Пазик» алдыңа келіп тоқтап есігін ашады. Ауылішілік маршрутта «Пашка» атауымен танымал Павел Чаплыгин есімді жүргізуші жүретін. Жақсы адам еді. Бүгінде сол аялдамалар бар да маршруттық көлік жоқ. Қыруар қаржы жұмсап салынған әп-әсем аялдамалардың бос қалғаны көзге ыңғайсыз көрінеді екен. Бірлі-жарымында ғана таксилер тұрады. Соңғы уақыттарда тұрғындар тарапынан таксилер қымбат сұрайды деген арыз-шағымдар жиі айтылады. «Бір жерге асығып тұрсаң, олар кісі толғанша күтеді немесе салонға төле» дейді. Кешке қарай бағаны көтеріп жібереді», деп реніштерін білдіреді.
Былтыр аудан орталығынан РТС ауылындағы «Думан Plaza» тойханасында болатын еске алуға барғанда мұны өз басымнан да өткергенмін. Ораза ұстап жүрсем де «Шақырған жерге бармау ұят, көрініп қайтайын», деп таксиге шықтым. «Салонға 1000 теңге» деді жүргізуші асығып тұрғанымды біліп. «Неге қымбат?», десем, «Қазір жолдарды жөндеп жатыр. Тойханаға сырт жақпен айналып барамын. Басқа таксиге мінсеңіз де осы бағаны айтады», деді.
Амал жоқ, отыруға тура келді. Шақырған жерге барып, кері шыққаннан кейін үйге басқа таксимен келдім. Салонға 400 теңге сұрады. Көріп отырсыз, әр такси бағаны өзінше қояды. Сол себепті ауданішілік және ауылішілік маршруттар ашу бұған дейін жиі көтеріліп келді. Міне, енді оның да шешілетін түрі бар.
Қазір әлемді, елімізді індет жайлаған уақытта ауданымызда барлық жұмыстар тоқтап қалғандай көрінетіні рас. Шындығына келсек олай емес. Аудан басшылары қол қусырып қарап отырған жоқ, кейбір маңызды мәселелердің шешімін табуға жұмыстануда. Соның бірі жолаушылар тасымалын жолға қою. Атап айтсақ аудан әкімдігі тарапынан Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 14 бабы 3 тармағының 1 тармақшасына сәйкес ағымдағы жылдың 2 маусымында ауданішілік маршруттар бойынша автокөлікпен жолаушылар тасымалы қызметін көрсету құқығына конкурс өткізу жөніндегі комиссиясымен конкурс ұйымдастырылған. Конкурс қорытындысымен ауданішілік жолаушылар тасымалдау қызметін көрсетуде «Авто–Мобиль М» ЖШС -гі жеңімпаз болып танылды. Қазіргі уақытта, елімізде болып жатырған коронавирус пандемиясына байланысты қабылданған карантиндік шектеулер себебінен қызмет көрсете алмай отыр. Карантиндік шектеулер тоқтатылғаннан кейін «Ақкөл-Құрманғазы», «Алға-Құрманғазы» бағытына жолаушылар тасымалы бойынша маршруттар шығады. Сонымен қатар, Құрманғазы ауылішілік маршруттары бірітіндеп қызмет жасайтын болады.
Маршруттардың негізгі бағыттары төртеу. Олар «Алға-Жұмекен-Кадырка-Құрманғазы», «Ақкөл-Хиуаз-Нұржау-Орлы-Құрманғазы» , «Құрманғазы ауылішілік ПМК-Кіші Кресті – Кіші Ганюшкин – «Серпер» базар - аудандық емхана» және Құрманғазы ауылішілік «Тәжібай –РТС- «Адай» дүкені – «Серпер» базар – «Абай» мектебі – аудандық емхана бағыттарына қатынайды. Жолаушылар тасымалы қызметі «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі №476 Заңының 14-бабының 3-тармағының 5-тармақшасы, «Әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалдарын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушылардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 25 тамыздағы №883 бұйрығының 2-бөлімінің 8-тармағы басшылыққа алынып, әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалдарын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушылардың шығындары бюджет қаражаты есебінен субсидияланады.
Карантин ашылып, шектеулер жойылған бойда бұл жұмыс қолға алынатынын естідіңіздер. Сіздерге соның игілігін көруді нәсіп етсін!
Қанат ҒҰМАРОВ