Қазір індет бәсеңсіді. Алайда, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Коронавирус қарасын көрсетпей кеткен жоқ. Ол жемтігін қапыда бас салғысы келген келген көкжалдай аңдып жүр.
Қой қораға бөрі түссе не істейтінін білесіздер. Сол сияқты біз де сақтық шараларын қолданбасақ індет былтырғыдай қайта күшіне енеді. Ал, сақтық шараларының бірі адамдар көп жиналатын жерге «Ашық» жобасы арқылы тексеріп кіргізу. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен, бір топ кәсіпкерлер қатысқан жиында осы мәселе қозғалды.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев: – Аудан әкімінің өкімімен Азғыр, Қиғаш және орталықтағы округтерді қамтитын үш мониторингтік топ құрылды. Әрқайсысының өзінің жетекшілері бар. Енді індеттің таралуына жол бермеу үшін осы топтардың жұмысын күшейту қажет. Бұл кәсіпкерлерге де қатысты. Міне, қолымызға «Ашық» жобасын қолданбай отырған 144 кәсіпкердің тізімін берді. Алға қарай осы жобаны қолданыңыздар. Қажет болса штат ашып есіктің алдында келгендерді тексеріп өткізетін адам ұстаңыздар. Қалада барлық жерде «Ашық» жобасымен тексермей ішке кіргізбейді. Бетперде жоқ болса, есіктің алдынан сатып аласың да, тексеріліп ішке өтесің. Еш қиындығы жоқ. Сіздер оны пайдаланбағаннан кейін мониторингпен аутсайдерге кіріп кеттіңіздер. Келесі аптаға дейін аутсайдерден шықпасаңыздар қазіргі қаулы бойынша бір аптаға жұмыстарыңызды тоқтатады. Тойханалар да солай. Қазір технологиялар дамыған заманда кім «Ашықты» қолданбайтынын республика бойынша көріп отыр. Егер сіздер екі рет кіргізбесеңіздер ол адамдар вакцина алады. «Ашықпен», бетпердемен кіргізуді ұйымдастырғандарда ешкімнің шаруасы жоқ. Ертең індет қайта көбейсе бірінші болып былтырғыдай кәсіпкерлік нысандары жабылады. Барлығы дұрыс болса біз тексермейміз, - деп тапсырма берілгеннен кейін осылай ескертіп жатырғанын, айдың аяғына таман барлық ірі сауда нысандары иелерін жинап осы мәселе төңірегінде жиын өткізілетінін қаперге берді.
Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов: – 2021 жылдың 24 қыркүйегінде шыққан бас санитарлық дәрігердің №44 қаулысына сәйкес кәсіпкерлер «Ашық» жобасын өздерінің кілттері арқылы алды. Ендігі жерде аутсайдерлермен қатаң жұмыс жасау талап етілуде. Осы жөнінде бізге облыстан сын айтылуда. Екі апта, әрі дегенде бір айда «Ашық» жобасына көшуге тиіссіздер. Мониторинг қорытындысы екі апта сайын жаңарып тұратынын есте сақтаңыздар. Келесісі 16 желтоқсанда шығады. Соған дейін 144 болып тұрған көрсеткішті азайтуымыз қажет. Қазір қадағалау жұмыстарын жалғастырудамыз. Материалдар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасына түсіп жатыр. Кәсіпкерлер өздері «Ашықты» қолданбайды, бізге айыппұл саласыңдар деп ренжиді. Жұмыстары талапқа сай келмей тұрса шара алынады. Мұны бұған дейін де ескерттік. Жақында шыққан қаулы бойынша сенбі мен жексенбіде сауда орындары тек жасыл көрсеткішпен ғана кіргізуге міндетті. Қаулы барлық округ әкімдеріне таратылды, сол бойынша жұмыстар жасалады, - деді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Ұлыбек Өтегенов, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы басшысының орынбасары Азамат Жандыбаев өз пікірлерін ортаға салды. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Ғаділханұлы жиынды қорытындылап, қатысушыларға сақтық шараларын сақтаған өздері үшін тиімді екенін басқа кәсіпкерлерге де жеткізуді тапсырды.