Қадір елді мекеніндегі NCOC(North Caspian Operating Company) компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде құрылысы жүргізілген 60 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді.
Аудан әкімі Қайрат Нұртаев алғаш болып қоныстанған екі пәтер иесіне кілт табыс етті.
- Құрылысы белгіленген уақытында аяқталғанымен елдегі карантиндік жағдайға және біткен нысанды меншік иесіне беру сияқты жұмыстармен қоныстандыру сәл кешеуілдеп қалды. Сол үшін де сіздерден кешірім сұраймын, қоныс тойын жасау, кілтті салтанатты түрде тапсыру дегендерді шектеулерге байланысты өткізуге болмайтынын жақсы түсінесіздер. Жағдайдың жақсаруын күтіп, әліптің артын бағу тағы да қисынсыз. Бұл күнді баспанаға мұқтаж жандар қанша күтті дейсіз, осыларды ескеріп шағын көлемде ұйымдастыру ұйғарылды. Сіздің ықшам ауданда да әлі талай жақсылықтар болады, үшінші үйдің құрылысы бітуге тәмам, тағы екі үйдің жобалау-сметалық құжаты жасақталу үстінде, болашақта бұл жерде ондаған үш қабатты үйлер бой көтереді. Демек, сіздің көшеде де қуанышты мереке болады, әзірше жаңа қоныстарыңыздың игілігін көріңіздер, - деген аудан басшысы толық емес жанұяның отанасы Өтеулиева Гаухарға, жас отбасы иесі Ниғыметов Альбертке кілт табыстап, жаңа үйдің ішін аралап көріп шықты.
Альберт есімді жаңа қоныс иесі қуанышын жасыра алмай бізбен бөлісті.
– Жас жанұя ретінде 2014 жылдан бері пәтер кезегінде тұрып келемін. Отбасымда әйеліміз екеуміз бір бала өсіріп келеміз. Өзім Құрманғазы аудандық өрт сөндіру бөлімінде жұмыс жасаймын. Бюджеттік мекемеде істейтінім шешуші роль атқарған болар, міне үйлі болып жатырмын, өте қуаныштымын. Мендей көптеген жастардың да баспаналы болуына жеткізсін. Музыка ойналып, шашу шашылып даңғаза той жасалмады демеймін, әлі талайы болады деді ғой, сол күндерге жеткізсін, - деп әлі жаңғырығып тұрған жарығы, суы, газы, автономды жылыту қазаны, телефоны бар су жаңа үйін көрсетіп шықты.
А.НӘЖІМОВ