Құрманғазыда алкоголизммен 125, нашақорлықпен 9 адам есепте тұрады

(0 Votes)

Еліміз алкогольді тұтыну деңгейі жоғары елдер қатарына жатады. Бұл ащы да болса шындық.

Арақ ішуге құмарлардың дені кешегі кеңестік дәуірді көре қалғандар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бір жақсысы, қазіргі жастар ішімдікке онша әуес емес. Арақ адамның қалыпты өмір сүруіне өте зиянды екені әмбеге аян. Осы тентек судың әлегінен қаншама жандар денсаулығын бұзып, өмірлерімен қош айтысты. Тіпті, маскүнемдіктің кесірінен қылмыс жасап сотталып, темір тордың ар жағына кете баратындары қаншама. Қанша сүттей ұйыған отбасының ойраны шықты. Соған қарамастан, оның осындай қаупі барынбіле тұра кейбіріміз сол әзәзілдің жетегінде жүреміз. Ішімдікке салыну айықпас дерттердің бірі десем артық айтпағандығым болар. Алғашында жай көңіл көтермекке там-тұмдап ұрттап ішкеннің өзінде де, кейін арақ тұңғиығына тартып, ішпесе тұра алмайтын дертке душар етеді.

Алғашқыда қызығушылықпен, бір рет қана ішіп көрсем ештеңе ете қоймас деген ой болуы мүмкін. Бірақ, артынан организм спиртті ішімдікке дағдыланып, ішпесе тұра алмайтындай халге жеткізеді. Неге десеңіз, алғашқы ішіп жүрген мөлшері ешқандай әсер етпей қалады да содан көп іше бастайды, ол да әсер етпегеннен кейін әбден мас болғанша ішуді ойлайды. Байқап қарасаңыз, мас адам қызба, ашушаң, кінәмшіл, тым батыл әрі айқай-шу шығарғысы келеді. Ішкілікке бойы үйренген адамда тоқтау болмайды, ішкен сайын құмартып, ішкен үстіне ішкісі келіп тұрады. Жанашыр жақындары ақылдарын айтып, көнбесе тыйым салуға тырысқанымен ішкілікке салынған адам әйтеуір бірнәрсені сылтауратып қалайда ішудің амалын қарастырады. Өзінде болмаса, кім көрінгеннен сұрап ішуге дейін барады. Өйткені, оған қалай болғанда даішу керек. Бір сөзбен айтқанда араққұмарлықтың арты абыройға апармайды.

Бұл мәселеге қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният өткен әзірдегі бір жиында«Зерттеулер бойынша ер адамдар үшін алкогольді тұтыну деңгейі жылына 25 литрді, әйелдер үшін шамамен 9 литрді құрайды. Өкінішке қарай, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деңгейі жоғары елдерге жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Қазақстан әлемде 10-орын алады. Көп жағдайда халықтың жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зомбылықтан болған өлім, улану, суға бату сияқты сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көрсеткіштері алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың салдары болып отыр», – деп атап өтті. Қазақ сахарасына арақты алып келіп үйреткен Ресейдің өзінде бұл көрсеткіш 10,5 литрмен түйінделіп, олар БҰҰ-ның зерттеуінде 22 орында тұр екен. Сөйтіп, қазақтар «ұстаздарынан» озып кетіпті. Ел арасында айтылатын «орыстар бізге арақ ішуді үйретіпті де, қандай мөлшерде ішу керектігін жасырып қалыпты» деген әзіл-шыны аралас сөздің жаны бардай. Аудандық емхананың нарколог дәрігері Талап Сисенәлиевтің келтірген дерегі бойынша аудан бойынша алкоголизммен 125, нашақорлықпен 9 адам тұрады екен. Бұл тек нақты есепке алынып, емделіп жүргендері ғана. Оның сыртында маскүнемдікті дерт демей, күніге тұтынып жүре беретіндеі қаншама?!

Шындығында да ішімдікке әуестік, соның салдарынан бір жұтым арақ ішу үшін телініп ақша сұрау, бос жүріске салыну біздің қоғамда көптеп кездеседі.   Соның бірі өзім жақсы танитын С. есімді замандасым. Мектепте тым-тәуір оқыды, ол кезде жоғары оқуға түсу қиын болса да он жыл алғантиянақты білімінің арқасында техникумға түсіп, әжептәуір маман атанды. Мамандығы бойынша жұмысқа тұрды, әке-шешесінің қолын ұзартып келін түсірді. Бірер жылдан кейін ұл-қызы дүниеге келді. Балалары мектеп жасына жеткен шақта келіншегі де базарға сатушылыққа жұмысқа тұрды. Екеулеп ақша тапқасын үйдің берекесі кіре бастады, артылған ақшаларын жинақтап өз алдарына пәтер алды.

Бірақ жанұядағы жарастық ұзаққа бармады, оған себеп болған осы қу арақ. Үнемі ішімдікке салынудың соңы жұмыстан шығуға әкеліп соқтырды. Келіншегі қаншама айтса да қойдыра алмады, екі жақтың үлкендерін де көмекке шақырды. Оның бұл қарекетінен ештеңе шықпады, қайта ақыл айтасың деп күйеуі қол жұмсайтынды шығарды. Итырғылжыңмен өткен күндер ақыр аяғы екеуінің айырылысуына әкеліп соқтырды. Арадағы екі балада әкелерінің «күнделікті концертінен» ығыр болса керек аналарының жағына шықты. Бір кеште үйінен қуылған маскүнем әке сөмкесін сүйретіп, сүмірейе басып әке шаңырағына келді. «Іштен шыққан сұр жылан ғой» шешесі байғұс қайтсін «шекесіне тиер» деген үмітпен кіргізді. Қолындағы бала-келініне де ештеңе демей тұра тұруды ескертті. Бірақ, С. ішуді доғарудың орнына үдете түсті. Күн ұзағына базар жағалап біреулермен қосылып арақ ішіп, ұйықтап-тұрып тек қонаға ғана үйге келіп жүрді. Баласының осындай күйін көрген ана жүрек көпке шыдамады, ұзақ төсек тартып жатпастан бақилыққа озды. Кетеріндегі соңғы аманаты «ағаларың қаңғып өлмесін» болды. Анасының өлімі де С-ға сабақ болмады, әлі де үйреншікті ғадетін қояр емес. Көз көргендерден «собразға жетпей тұр» деп базар жағалап әлі жүр. Мұндай «сұрамсақтар» жалғыз ол емес, кәміл үшеу-төрт «агент» бар.

Статистикалық деректерге сүйенсек, наркологиялық орталықтарда ресми тіркелген 100 мыңнан аса маскүнем бар екен. Бұлар нарколог-дәрігерлердің көмегіне жүгінген, ресми тіркелгендері ғана. Шын мәнінде маскүнемдіктің шегіне жетіп, күнде бас жазбаса тұра алмайтындардың саны бұдан әлдеқайда көп. Сол маман дәрігерлер үнемі орташа деңгейде тұтыну маскүнемдіктің алғашқы сатысы деп есептейді. Ішімдік ішуді ұлғайту сатылардың жалғасуына жол береді дейді.

Ендеше, жоғарыда айтқан С замандасымның қазіргі өмірі осы баспалдақтың соңғысын басып тұрғаны ғой. Негізінде ішкілікке үйір болып туатын адам жоқ, маскүнемділік тұқым да қуаламайды. Оған көбінесе айналасындағыараласатын адамдар, жүрген ортасы себепкер болады.Ырду-дырду отырыстардың соңы осындай маскүнемдікке алып келетін кездері көп. Адам баласының жаратылысы әр түрлі келеді. Бірі тым көңілшек болса, бірінің тоқтауға ерік-жігері жетіспей жатады. Осындайда теріс жолға түсіп бара жатқан адамға ақыл айтар жан ауадай қажет-ақ. Оның шынайы жан дүниесіндегі дағдарыстарды, сәтсіздіктерді жете сезініп, түсіндіре білетін, көзін жеткізіп айта алатын шын жанашыр адам керек. Қазақта «Арақ аздырады, өз көріңді өзіңе қаздырады» деген сөз бар, лайым ондай күйге түсірмесіін. Сондықтан айналамызға қарайлай жүріп, жақындарымызды жаман ғадеттерден сақтандырып жүрейік.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT