Құрманғазыда алғашқы «Абай күні» атап өтілді

(0 Votes)

Рухани бай мұрасымен әдебиетімізбен қоса ұлтымыздың темірқазығына айналған аңыз Абайға қандай құрмет көрсетсек те орынды.

Данышпан тұлғаның туғанына 175 жыл толуына байланысты ҚР Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз – «Абай күні» болып белгіленді. Бұл – әрине, ұлт болып күткен ерекше күн. Үкіметтің жаңа Қаулысы ұлы ақынын дәріптейтін бар қазақтың мерейін бір көтеріп тастағаны анық.

Алғашқы Абай күні аудан көлемінде де атаусыз қалған жоқ. С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі «Алаш ардақ тұтқан Абай» атты әдеби-сазды бағдарламасын онлайн режимде тұрғындар назарына ұсынды. Өнерпаздар асқан даналық иесінің жырларын жатқа оқып, әндерін әуелетіп, қос ішектен күмбірлете күй төкті. Өмірі жайлы тың мағлұматтармен де бөлісті. Аз уақыттың ішінде үлкен дайындықпен жасалған дүние көпшіліктің көңілінен шықты.

Орталық кітапханада «Абай – ұлт өркениетінің көшбасшысы» деген атаумен кітап көрмесі ұйымдастырылып, слайд түрінде оқырмандарға таныстырылды. Көрмеде заманның озық қайраткерінің қайталанбас шығармалары енген қалың томдық еңбектер, ол туралы да жазылған құнды естелік кітаптар топтастырылды. Балалар кітапханасы да бұл үрдістен шет қалмай, дара ойшылдың балаларды адамгершілік, білім-ғылымға баулитын үздік туындыларын жоғары деңгейде талдады.

Аудандық аналар кеңесі қыз-келіншектер арасында «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты шығармашылық байқау жариялады. Оның мақсаты – кемеңгер Абайдың мол мұрасын насихаттау арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген этнос өкілдерінің қызығушылығын күшейту әрі еліміздің рухани бірлігін нығайту болып саналды. Сайысқа қатысушы ақынның поэзия, қара сөзін оқушылар мен әнін орындаушылардың, музыкалық аспапта ойнаушылардың жұмыстары видео форматта қабылданды. Жүзден жүйрік деп танылған жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, алғыс хат, естелік сыйлықтармен марапатталды.

Реалистік жазба әдебиетінің биік өкілі ақылман Абайды ұлықтау ісі ауданға қарасты округтердің мәдениет үйі мен кітапханаларында да жалғасын тапты. «Абай – қазақтың бас ақыны», «Абай - дана, Абай - дара қазақта» секілді әртүрлі тақырып аясында өткізілген тағылымды іс-шаралар жұртшылықтың сөз өнеріне деген ықылас-пейілін арттырды.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521