С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Мақтанышым сенсің, тәуелсіз атамекенім» атты Батыс аймақтық ақындар айтысы ұйымдастырылды.
Жыр додасына Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан барлығы 12 ақын қатысты. Айтыс қашанда халықтық өнерге сусап отыратын көрерменнің шөлін басатын суат секілді. Мәдениет үйінің залы жыр сүйер қауымға лық толы болды. Жүргізуші аудан өнерпазы Б.Бидоллаев айтыстың негізгі мақсатына тоқталып, ақындарды көпшіліктің қошеметімен ортаға шақырды. Сөз сайысына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет сыйлығының лауреаты, Қазақстан айтыскерлер, жыршы-термешілер одақтары филиалдарының директоры Қойшығұл Жылқышиев, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының, Лондондағы Еуразия шығармашылық одағының мүшесі, республикалық «Сарайшық» тарихи-танымдық журналының редакторы Гүлзада Ниетқалиева, айтыскер ақын, «Мәдениет саласының үздігі» Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығының бас редакторы Саадат Нұрманов қазылық жасады.
Алғашқы құттықтау сөз алған аудан әкімі Марат Мурзиев: - Бабамыздан қалған ұлы мұра – айтыс өнерін дәріптеудегі ауқымды шараның ежелден өнер қонған, Құрманғазы мен Дина сияқты, ұлттық өнердің біртуар тұлғалары дүниеге келген, күй ордасы - Құрманғазы ауданында халықтың делебесін қоздырып, қанын қыздырған сөз сайысының оздырылуы заңдылық деп түсінеміз. Алдағы уақытта да киелі күй өңірінде айтыстың мәртебесін көтеріп, бәсін биіктетуге өздеріңіздің қызу қолдауларыңызбен атсалысатын боламыз.
Бүгінгі күні біздің шашбауымызды көтеріп, жыр додасына қатысу үшін ауданымызға арнайы келген өнерпаз қонақтарымызға қош келдіңіздер айта отырып, барша аудан халқы атынан зор ризашылығымды білдіремін. Өйткені, сіздер өздеріңіздің табиғи таланттарыңыздың арқасында ұлттық өнерімізді дәріптей отырып, еліміздегі айтыс өнерінің дамуына, халықтың мәдениетін арттыруға, өскелең ұрпақты ата салт-дәстүрге тәрбиелеуге өзіндік зор үлестеріңізді қосып келесіздер, - дей келе, ақындарға сәттілік тіледі. Алғашқы болып айтысты бастаған Ақтау қаласының ақыны Зейнетулла Қосымбаев пен атыраулық Серікбол Панабердиев.
Жыр сүйер қауым «талаптың тұлпарын мінген» ақындардың әрқайсысы айтқан тұшымды ойға, тапқыр әзілге, орамды сөзге қол соғып, қошеметін аямады. Алты жұпқа бөлінген ақындар құрманғазылықтарды жырға бөлеп, халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді көтерді. Айтыскерлер тіл, ұлттық рух, ел болашағы, Тәуелсіздіктің жетістіктерімен қатар өңірдегі жыр болған жол мәселесін де жырлады. Кейбір ақындарымыздың суырыпсалмалылығымен қатар, қарсыласын састыратын тапқыр уәж айта білулері де көрерменді де, қазыларды да тәнті етті.
А.Шакупова