Құрманғазыда 850 тонна мал азығы әзірленді

(0 Votes)

Енді санаулы күндерден кейін қоңыр күз табалдырықтан аттайды. Оның арғы жағында қабағы қатулы қыс тұр. «Туған ай тураған етпен бірдей», дегендей, уақыт зулап, міне, жаздың соңғы айының да ортасы көрінді. Шаруа қамын соққан адамдарға күн де қарасып тұр.

Биыл Дыңғызыл ауылдық округіне қарасты асыл тұқымды мал өсіретін «Құрманғазы» өндірістік кооперативінде 17 отар қой -17, түйе -3, жылқы -2  жерде қыстаққа түскелі отыр. Өндірістік кооперативтің қыстақтары Крансор, Орта қыр, Ноғайбай елді мекендерінде орналасқан. «Қамданған қапы қалмайды», дегендей қазіргі күні бұл шаруашылықта қысқы мал азығын дайындау қызу қарқын алған. Шөп арал өңірінде Немелкин, Кашар, Райлас, Аяпберген учаскелерінен және қыр бойындағы Ноғайбай елді мекенінен шабылуда.

– Биыл шаруашылыққа 1200, жеке адамдарға 500 тонна қысқы мал азығын дайындаймыз. Жыланды, Ғизат Әліпов, Қиғаш ауылдарының тұрғындарын шөппен қамту жыл сайынғы дағдымыз. Одан ауытқып көрген жоқпыз. Қазір шабындықтарымызда бригадирлер Жәдігер Мусағалиев, Нұркен Шайхимов бастаған екі бригада жұмыс жасауда. Әрқайсысында 8 адамнан, яғни, 16 механизатор, сонымен қатар аспазшылар бар. Күні бүгінге дейін 850 тонна қысқы мал азығы әзірленді. Қалғанын бұйырса 15-20 қыркүйек аралығында толық аяқтаймыз деп жоспарлаудамыз. Жыл жаңбырлы болған соң шөптің шығымы жақсы, таза. Жылдағыдай суда қалып, балдыр басып, ластанып жатырған жоқ. Себебі, өзен арналарын тереңдету жұмыстары жүргізілгеннен кейін өр суы жайылымдарға көп шықпай, ұзақ жатып қалмай, тез ағып кетті, - дейді «Құрманғазы» ӨК төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Сабыржан Сұлтанов.

Кооператив төрағасын алаңдататын жайт жанар-жағармайдың қымбатсуы. Айтуынша жағармайдың литрі 240, көлікке құятын май 1100-1200 теңгеге жетіп, қосалқы бөлшектер 150%-ға өскен. Кейбірі 1,5-2 есеге дейін көтерілген. Сол себепті науқан кезінде шаруа тұралып қалмас үшін «жоқтан жонып, бар жасап», дегендей, мал сатып болса да қажетті құралдармен өздерін қамтып отырған жайы бар.

Нұржаулық «Алғаязов О» шаруа қожалығы қысқы мал азығын Морской, Кремкин, Терешкин учаскелерінен дайындауда. Қожалық иесі Оразғали Алғаязовтың шөптің биылғы шығымына көңілі толмайды. Өйткені, өр суы жылдағыдай жайылымға көп шықпағандықтан биіктеу жерлерге бармаған. Шөп тек жаңбырмен көктеп отыр. Соған қарамастан 1 мың тонна орамшөп дайындап, оның 500 тоннасын қыстақтарына тасып үлгерген.

– Қалған 500 тоннасын тасуға техника босамай жатыр. Жалпы, жылда да Морскойда жан-жағын қоршап қалдырып, күзде қыстақтарға апарамыз. Қазір жанармай, көлік майы, шөп байлайтын жіп, қосалқы бөлшектер, бригада мүшелеріне алынатын тамақ қымбатсып кеткендіктен қосымша тағы да 1 мың тонна орамшөп байлағалы отырмыз. Соны сатып шыққан шығынды жабамыз. Бізде шөп шабумен бір бригада айналысады. Таңертең 8-де көлікпен апарып, кешкі 10-да алып қайтамын. Уақытымен моншасына түседі. Оларға барлық жағдайды жасап жүрмін. Шауып жатқан жерден алса орамшөпті 4-5, ал, өзіміз көлікпен жеткізсек 6 мың теңгемен береміз, - дейді шаруа қожалығының басшысы Оразғали Алғаязов.

Шалғы сырылы қазір аудан көлеміндегі барлық шаруашылықтарда естілуде. Жолға шықсаңыз орамшөп тиеген техникаларды көп кездестіресіз. Себебі, жаздың әр күні алтынға тең. Осыны жақсы түсінген шаруа қожалықтары, серіктестіктер  мен кооперативтер төрт түліктің азығын сапалы және қажетті мөлшерде дайындап алуға күш салуда.

 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT