Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Құрманғазы ауданында 3 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қадір елді мекенінде өткен салтанатты шараға аудан әкімі Марат Мурзиев қатысып, құттықтау тілегін жеткізді. - Еліміздің Тәуелсіздік жылдарында көптеген істер өз шешімін тапты. Соның бірі – баспана мәселесі. Бүгінгі таңда ел тұрғындары үшін баспаналы болудың мүмкіндіктері көп. Өңірлерде «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы біршама тұрғын үй кешендері салынып, ел игілігіне берілді. Көптеген отбасы қоныс тойын тойлап, қуанышқа кенелуде. Мемлекеттің мыңдаған азаматтарға жасаған қамқорлығы мен мүмкіндіктерінің нәтижесінде әрбір азамат өз шаңырағының иесі атанып, мерейі тасуда.
Киелі күй өңірі де Тәуелсіздіктің игілікті істеріне куә болып, жемісін көруде. Әсіресе, ауданда құрылыс жұмысы ерекше дамып келеді. Осыған дейін 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, бүгінгі күні үшінші тұрғын үйдің 60 пәтерін табыстағалы тұрмыз. Бұл сіздер үшін Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған ерен тарту болмақ.
Бүгінгі ерекше қуаныш жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңызға құт қонып, баянды бақ орнасын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, әрбір азамат осындай игілікке кенеле берсін, - дей келе, алғаш болып қоныстанған 15 адамға пәтер кілтін табыстады. Жаңадан берілгелі отырған тұрғын үй 3 санат бойынша бөлінеді. Алдын ала өткен комиссия отырысында көпбалалы отбасыларға үш бөлмелі, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы болуы үшін төменгі қабаттан пәтер таңдау мүмкіндігі берілді. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме – «Декор» ЖШС.
Шарада Еңбекші ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғаділхан Қалиев, 34-ші пәтердің тұрғыны Зухра Сариева игі тілектерін арнап, тұрғын үйдің салтанатты лента қию рәсімін жасады. Қатысушы қонақтар бірінші қабаттағы екі және үш бөлмелі баспананың ішін аралап көрді.
Айнагүл Шакупова