Құрманғазыда 55 бас малдан бруцеллез табылды

(0 Votes)

Облысымызда соңғы үш жылда бруцеллез ауруынан қолайсыз эпидемиологиялық ахуал қалыптасуда.

2018 жылы 65 адам осы дертпен тіркелсе, 2019 жылы 24 адам ауырды. Олар Индер ауданынан -12, Қызылқоғадан-7, Атыраудан-3, Жылыойдан -2 тұрғын. Ауданымызда 2016 жылы 2 адам ауырғанымен, 2017-2019 жылдар аралығында бруцеллез тіркелген жоқ.

Аудандық ветеринариялық қызметтің ақпараты негізінде бруцеллезге зертханамен 65202 бас мүйізді ірі қара малы тексерілген. Нәтижесінде 88 ошақтан 310 бас сиыр малынан бруцеллезге оң нәтиже анықталған. Осы 2020 жылдың 3 айында 21994 бас мүйізді ірі қара мал бруцеллезге тексеріліп, 55 бастан ол табылған. Малдың бруцеллез ауруымен анықталуы жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2017 жылы 215, 2018 жылы 119, 2019 жылы 310 бас болып отыр. Олардың иелерінің малдарын бағып-күтуде малдәрігерлік-санитариялық ережелерді бұзуы аудан тұрғындары арасында аталған дертпен сырқаттанушылыққа әкеліп соғуда. Ең бастысы адамдар жануарларға күтім жасағанда, мал төлдетуге қатысқанда, түсікпен жанасқанда, ауру жануарлардан алынған шикізаттарды өңдегенде, тамаққа шикі сүт және одан дайындалған өнімдерді пайдаланғанда жұқтырады.

Қазір ауданымызда мал төлдету науқаны жүріп жатыр. Сондықтан оларды күтудің барлық жұмыстарын арнайы киім киіп жүргізу қажет. Бұл киімдермен тұрғын үйге кіруге мүлдем болмайды. Жұмысты аяқтағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу керек. Көптеген жағдайда бруцеллез мал төлдегенде және түсік барысында жұғады. Әсіресе жануарларға балаларды, жүкті және бала емізетін аналарды жолату қауіпті. Сондай-ақ ауру малдардан алынған шикі сүтті және дайындалған өнімдерді тамаққа пайдалану аса қауіпті. Бруцеллез қоздырғыштары ағзаға өткеннен кейін адам бірден ауырмайды. Жасырын инкубациялық кезеңнің ұзақтығы шамамен 1-3 апта, ал, кейбір жағдайларда бірнеше айларға созылуы мүмкін. Бұл дерттің анағұрлым ауыр түрлері қой-ешкі бруцеллаларын жұқтырғанда байқалады. Ауру әдетте біртіндеп басталып, көңіл-күйі нашарлайды, бұлшық еттері ауырып, асқа тәбеті жоғалады, терлейді, жұмысқа қабілеттілігі төмендейді. Көп ұзамай бұл белгілер күшейіп, дене қызуы 39-40С-қа дейін жоғарылап, басы, буындары ауырып, әлсіздік, ұйқысыздық пайда болады. Бруцеллез емделетін ауру. Дер кезіндегі диагностика және емдеу жедел бруцеллездің асқынған созылмалы сатыға өтуінің алдын алады. Жеке иеліктегі малдан бруцеллезді жұқтыру мүмкіншілігін ескере отырып, мал иелері одан сақтанудың негізгі ережелерін білуі және қатаң орындауы тиіс.

Атап айтқанда:

- жыл сайын малдарды бруцеллезге тексеруден өткізу,

- мал дәрігерінің рұқсатынсыз етті, сүтті сатпау,

- базардан, жеке адамдардан мал сатып алғанда малдәрігерінің рұқсат берген құжатын талап ету,

- мал іш тастаған уақытта тез арада мал дәрігеріне хабарлау,

- ет және сүт өнімдерін қатаң белгіленген орындардан алу (базарлар, дүкендер, үлкен сауда нүктелері) қажет.

Осы айтылғандарды орындасаңыз сіз өзіңізді және туыстарыңызды бруцеллез жұқтырудан қорғайсыз.

К.Отаров,

аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT