Биылғы сынақ несімен ерекшеленеді, шектік балл қандай болмақ, сынақтан құлаған оқушыға екінші рет мүмкіндік беріле ме? Міне, осы сұрақтар аясында Ұлттық тестілеу орталығының ауданымыздағы филиал басшысы Жанаргүл Тюмалиевамен тілдескенді жөн көрдік.
-IV-ші тоқсаннан бастап барлық мектеп оқушылары қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Сіздің ойыңызша, бұл түлектердің ҰБТ-ға дайындалуына қаншалықты әсер етеді? Өтініш қабылдау науқаны қалай жүргізілді?
-Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне орай орталық тарапынан оқушылардың ҰБТ-ға жақсы дайындалуы үшін барлық жағдай жасалды. Атап айтсақ, мектеп бітірушілерге Ұлттық тестілеу орталығының сайтында әрбір пән бойынша 70 нұсқа сынама тестілері арнайы әзірленіп, тегін пайдалануға берілді. Бұл оның алдында ақылы болып келді.
Қазіргі таңда біз оқушылардың осы сынама тестілерін белсенді түрде пайдаланып жатқанын көріп отырмыз. Оның үстіне, 2020 жылғы түлектер мектепте тапсыратын емтиханнан мамыр айында босатылды. ҰБТ-ға қатысу жөніндегі мектеп бітірушілерден өтінішті қабылдау мерзімі сәуір айының 15-нен мамыр айының 10-на дейін созылды.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, 502 оқушы мектеп бітірді. Мамырдың 11 күнгі мәлімет бойынша 385 оқушының өтініші тіркелген, оның ішінде 331-і онлайн түрде, ал қалған 54 оқушы, дәстүрлі әдіс арқылы өтініштерін берген.
А.Шакупова
.