Құрманғазыда 2000-нан аса тұрғын вакцина алды

(0 Votes)

Әзірге вирусты ауыздықтаудың жалғыз жолы – оған қарсы екпе салдыру. Өкінішке қарай, халық арасында вакцина зиян деген тұрғыда алып-қашпа әңгімелер, жалған ақпараттар әлі де тыйылар емес. Осыған орай, екпеге қатысты  қоғамда сұрақ көп. Оның құрамында чип те, ауыр металдар да бар деп шығарды.

Тіпті, бедеулік, обыр сияқты аурулардың пайда болуына әсері бар дегендер де болды. Оның барлығын елдің Денсаулық сақтау министрлігі де, ғалымдар да жоққа шығарды. Олар фейкке емес, ғылыми дәлелденген ақпаратқа сенуге шақырады. Вакциналар әртүрлі болғанымен сапасы мен қауіпсіздігі басты талап болып табылады. Коронавирусқа қарсы вакциналардың тез әзірленіп жатқандығына халықтың күмәнмен қарайтыны рас. Оның үстіне олардың тиімділігі әлі зерттеліп жатқанын медицина мамандары айтуда. Қалыптасқан пандемиялық жағдайға байланысты әлемнің көптеген елдері коронавирус инфекциясына қарсы вакциналарды қолданысқа жіберу туралы шешім қабылдаған. Сондықтан, толық әлі зерттелуі аяқталмаған вакциналар әлемнің барлық елінде қолданыста екенін білген жөн.

Аудандық емхананың дәрігері Галина Чаплыгина вакциналау туралы, оның пайдасы мен егу алгоритмі жайында айтады.

-Коронавирустық инфекция өте жұқпалы. Соңғы кезде бір отбасы мүшелерінің түгел ауыру жағдайы көптеп тіркелуде.  Сол себепті, бұл дертке қарсы міндетті түрде вакцина салдыру керек. Екпе салдыру қауіпсіз. Кез келген лицензияланған екпе сынақтың бірнеше сатысынан лицензиялаудан өткізіліп барып пайдалануға жарамды деп танылады. Вакцина 2 кезеңде егіледі. Себебі, бұл иммунитетті қалыптастырудың міндетті шарты болып табылады. Екінші екпе біріншісінен кейін 21 күннен соң салынады.

Екпе салар алдында медицина қызметкерлері егілетін адамдарды міндетті түрде тексереді. Яғни, жалпы жағдайы қаралады, артериалдық қысым, дене қызуы және сатурация өлшенеді. Қарсы көрсетілімдерді анықтау үшін екпе алатын адамдармен сауалнама жүргізіледі. Егу алдында әрбір егілушіге коронавирусқа қарсы екпе туралы, оның ішінде мүмкін болатын реакциялар егуден бас тарту салдары туралы ақпарат беріледі. Медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайда екпе сауыққаннан кейін ғана салынады. Екпеден кейін де жалпы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды ескеру керек. Вакцина алғаннан кейін 3 күн ішінде инъекцияның орнын суламау қажет. Физикалық жағынан өзіңізге шамадан тыс күш түсіруге, ауыр жұмыс істеуге болмайды. Вирусқа қарсы толық иммунитет екпе алғаннан кейін 56 күнде қалыптасады. Коронавирустық инфекцияның кез келген түрімен ауырып жазылған адамдарға екпені сауыққаннан кейін 6 айдан кейін егу ұсынылады. Вакциналаудан кейін қабылданған иммунитет кем дегенде 1 жылға, ал КВИ-ден қалпына келгеннен кейін антиденелер орта есеппен 6 айға созылады. Осылайша, вакциналаудан кейін денені КВИ-ден қорғайтын антиденелер ұзаққа сақталады. Сондықтан, екпе адам алған науқастанған жағдайда ауруды жеңіл өткізетіні анық – дейді. Аудандық орталық аурухананың директоры Гүлсара Мүтиеваның хабарлауынша, ауданға 2610 вакцина келген. Күні бүгінге дейін 2180 адам екпе алса, қалған 430 вакцина дайын тұр. Облыстан тағы 1000 вакцина келеді деп күтілуде.   

Айта кетейік, былтыр ауданда 298 адамнан коронавирус індеті анықталса, биылғы төрт айда бұл көрсеткіш 321-ге жетіп отыр. Талдап қарағанда, қаңтарда ол 114 болса, ақпан мен наурызда 29-44-ке тұрақтаған, ал сәуірде 134-ке жетіп отыр. Мұның өзі аудандағы эпидахуалдың күрделіленіп бара жатқанын көрсетеді. Сондықтан, вакцинациялауды тезірек өткеріп, ұжымдық иммунитет қалыптастыра білсек, онда қалыпты өмірге ораламыз деген үміт басым.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT