Құрманғазыда 12 мектептің оқушысы дәстүрлі форматта оқиды

(0 Votes)

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысы селекторлық режимде өтті.

Оны комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова жүргізіп, күн тәртібімен таныстырды.

-Биыл облыста 170 мектепте 1446 кезекші сынып ашылады. Оған 25 мыңға жуық оқушы барады деп жоспарлануда. Пандемия жағдайына орай сыныпішілік қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Білім ұялары залалсыздандыру құрал-жабдықтарымен толық қамтылмақшы. Сондықтан мектептерде барлық санитарлық талаптарды сақтау басты міндет болып табылады. Бүгінде аймақтағы білім ошақтарына 472 педагог жетіспейді. Жаңа оқу жылында облыс мектептеріне 110 жас маман келеді деп күтілуде. Оның 20-ы – бастауыш сынып мұғалімі. Сонымен қатар, аудандарда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы 20 маман қызметін бастамақ. Аймақта онлайн оқитын оқушыларда 16 мыңға жуық компьютер жетіспеушілігі орын алған болатын. Осыған орай, қазіргі уақытта оларға облыс, қала аудан мектептеріндегі 15800-ге жуық компьютер таратылуда. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен жергілікті бюджеттен 3000 комьютерге тапсырыс әкелушілер жұмыстануда. Сонда оның жетіспеушілігі толыққанды шешіледі деп ойлаймыз. Қазір облыс көлемінде 14 шағын жинақты мектеп бар. Оның 12-і Құрманғазы ауданында. Жаңа оқу жылында осы мектептерде 880 оқушы штаттық режимде яғни, дәстүрлі форматта оқиды. Облыстың білім ошақтарына 80 пайызға жуық оқулық келіп болды. Әр баланың саулығы – біздің құндылығымыз, - дей келе, комиссия төрағасы мектептердің дезифекциялық құралдармен, дәрігерлік бөлімшелермен толық қамтамасыз етудің, аймақтағы 6000-ға тарта ерекше балалардың білім алуын басты назарда ұстаудың, оларға арнап «Жол картасы»жоспарын жасақтаудың маңыздылығын алға тартты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Балалардың білімге қолжетімділігін қамту» туралы Атырау облыстық білім беру басқармасы жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Ақкенже Аяпбергеновахабарлама жасады. Өз кезегінде хабарламашы аймақтағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, компьютер, интернетпен қамтылуы, материалдық-техникалық базаның, үш ауысымды мектептердің мәселесі, күрделі жөндеуден өткен білім ошақтары жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Комиссия төрағасы Бақытгүл Қайыржанқызы облыс бойынша аз қамтылған отбасы есебіндегі 11500-ге жуық балаға жалпыға міндетті оқу қорынан бөлінетінқажетті көмекті тең дәрежеде ұсыну, қамқорлықтан ешкім кенде қалмау керектігін ескертті. Сонымен қатар, қыркүйек айында келетін компьютерлерді қайтарымды негізде көп балалы отбасыларға екі-екіден беруді тапсырды.

«Жаз мезгіліндегі кәмелетке толмағандардың қауіпсіздік жағдайы» туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асхат Ерханов баяндады. Жыл басынан бері су айдындарында 24 қайғылы оқиға тіркелген болса, оның ішінде 6 бала суға кеткен. Суға шомылу маусымы кезінде 17 адам өмірімен қош айтысса, оның 3-еуі бала болып отыр. Сонымен қатар, хабарламашы өрттен зардап шеккендер, терезеден құлаған сәбилерге қатысты деректер келтіріп, алдағы оқу жылында үй жағдайында оқитын балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін алға тартты.

Комиссия мәжілісінде «Мектепке жол» акциясының жүру тәртібі облыста қалай жүзеге асып жатқаны талқыланды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT