Құрманғазы - Тәуелсіздік тірегі

(0 Votes)

Қанша көрсін тас түрмеде тепкіні,

Қазағына ұран болып жетті үні.

Күйлерінде бөлек айбар, бұлқыныс,

Осы күнгі Тәуелсіздік екпіні.  

 

Ешуақытта шеттемеді деп ескі,

Сан ғасырда тартпайтын үн көмескі.

Құрманғазы күйлерімен ашылды,

Көп шаралар жүйеде де кеңестік.  

 

Дүр сілкініп салтанатты сарайлар,

Амал қалмай жан-жағына қарайлар.

«Сарыарқа» мен сарнағанда «Адайы»,

Орнынан ұшып тұрған талайлар.  

 

Күйін тыңдап алдырмаған ашуға,

Сірә дайын бірге қаны тасуға.

Қайран қалып надзирательі түрменің,

«Мына қазақ дайын» деген «қашуға».  

 

«Кісен ашса» қайбір ұйқы келеді,

Даласына ақбөкендей желеді.

Күй туғызса қайталанбас ғасырда,

Ол күйлері Тәуелсіздік желі еді.  

 

Ел бұғауда, санасында мың арман,

Баба жайын түйсігі бар ұғар жан.

Қайдан болсын Құрекеңе жайлы жер,

Түрмеден де қашу үсті шығарған.

 

Артта қуғын, дей алмайсың жасытты,

Күй безектеп ала берген уақытты.

Жан алқымда шерін төккен халқының,

Бар сазгерден Құрманғазы бақытты!  

 

Ұстатпаған үміттерін үздіріп,

Жанайқайын жатсынбаған түз ғұрып.

Егескенде жалпақ Еділ түк емес,

Өткен екен жауырын-жалын жүздіріп.  

 

«Аман бол, шешем!»-деп қоштасып жатқанда,

Алқа анасы қан ішердей қатқанда:

«Жасық ұлды мен тумадым»-деп сонда,

Тарих куә шапалақпен тартқанға.

 

Еркін қазақ бүгін өзі шамалар,

Алқа сынды, қандай біздің аналар!

Құбылысты сан ғасырда бір келер,

Тек осындай алып ана таба алар.  

 

Озбырлықтың мысын басқан ірі еді,

Күй-әлемнің табындырар пірі еді.

Азаттықты дүбірлеткен жүрегі,

Мәңгілік ол – Тәуелсіздік тірегі.

Таңатар Дәрелұлы,

Құрманғазы ауданы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT