Құрманғазы мен Атырау арасына пойыз керек

(4 Votes)

Халықтың облыс орталығына жиі шаруасы түседі.

Ауырғандар емделуге барады. Жұмыстағылар іссапармен шығады. Қазір қыс мезгілі. Жазда ауа райы сан құбылып тұрса да жүре берер едің. Қаһарлы қыста көктайғақ та болуы мүмкін. Тайғақ күні автокөліктердің жүруі қиын. Мұндайда жол-көлік апаты орын алатын жағдайлар жиі кездеседі. Әрі таксистер бағаны көтереді. Екінің бірі оны төлей алмайды. Әрине, таксистерді де түсінеміз, олар да басын қатерге тігіп жолға шығады. Тасбақадай жылжып қозғалу, жолдан көз алмау жүйкелеріне күш түсіріп, шаршататын болар, оның үстіне жанармай да біраз шығындалады. Содан кейін бағаны қалай көтермесін?! Олар да еріккенінен жүрген жоқ, тапқанына қарап отырған отбасы бар. Бұл аз десеңіз көктайғаққа байланысты жол қатынасын тоқтатып тастауы да мүмкін. Сондайда қалаға барсаң үйге қайта алмай немесе ауылдан Атырауға жетудің ретін таппай шақшадай басың шарадай болып, әбігерге түсесің. Дәрігерге қаралып, емін алғандар кері қайтқылары келеді, себебі көбінің қалада қонатын үйі жоқ.

Мұны шешудің жалғыз жолы Құрманғазы ауылы мен Атырау қаласы арасына пойыз шығару. Бұрын Өзбекстаннан Ресейге жүретін, шұбырып жататын пойыздар барында мұндай мәселе туындаған емес. Бағасы да арзан еді. Мінесің де жүре бересің. Қазір ол пойыздар індетке байланысты тоқтады. Жақында ақпарат құралдарынан Құрманғазы мен Атырау ортасына арнайы пойыз шығатынан естіп қуанып қалғанбыз. Алайда ол екіұшты айтылған нәрсе болғандықтан анығын білмедік. «Серпер» редакциясы осыны нақтылап жауабын берсе екен дейміз.
Нұрлан Әбенов, Құрманғазы ауылы.

Редакциядан: Біз бұл жөнінде Ганюшкин стансасының бастығы Теңел Исмағұловпен хабарласып, оқырман сауалын жеткіздік.

– Қазір індеттің қайтадан бас көтере бастауына орай қауіпсіздікті сақтау мақсатымен Өзбекстан мен Ресейдің арасына жүретін пойыздар тоқтағаны рас. Бұрын Атырау-Астрахань пойызына Құрманғазы мен екіараға бір-екі вагон тіркелетін. Ресеймен шекараны жапқаннан кейін енді ол да жүрмейді. Қазір қатынап тұрған тек жүк пойыздары. Оқырманның айтуы дұрыс. Жалпы Құрманғазыға пойыз шығару күн тәртібіндегі мәселе. Ондай вагондар мен тепловоз дайын тұр. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінсе бұл мәселе шешімін табады. Бәрі сол қаржыға тіреліп тұр. Алдағы күндерде Құрманғазыға пойыз шығару шешіле қалса сіздерді қосымша хабардар етеміз, - деді Теңел Дидарханұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521